«Сүттің 80 пайызы сырттан тасымалданады. Неге?» - баспасөзге шолу
***
«Егемен Қазақстанның» жазуынша, Алматы облысының Есік қаласында екі оқушының жоғалғанына 20 күннен астам уақыт болды, ал олардан еш хабар жоқ. Естеріңізге сала кетейік, олар ақпанның 28-інде үйлерінен шығып кеткен болатын.
Міне, содан бері аталмыш қаланың тұрғындары Айгүл Жахатайқызы мен Пердегүл Қунақова 15 жасар Дәулет Дәукен және Тынышбек Абатовты іздестіруде. Балалардың біріншісі Мәдениет үйінде аудандағы мектептер арасында өтетін «Көңілді тапқырлар клубы» ойынына кеткеннен із-түзсіз жоғалған. Ал екіншісі мектепке 200 теңгемен кеткеннен кері қайтпаған.
Екі шәкірт оқитын мектептен де қазір береке кеткен. Ұстаздар 9-сынып оқушыларын күндіз-түні іздеп, әуре-сарсаңға түсіп жүр. Дәулет Дәукен мен Тынышбек Абатовпен сол күні Алматыға бірге барған үш оқушыдан ақпарат алу үшін психологтар да жұмыс істеген. Әзірге олар мардымды ештеңе айтпапты. Сондықтан жасөспірімдердің үйден неліктен қашқаны мұғалімдерге де жұмбақ. Мектеп басшысының айтуынша, ата-ананың екі күн жасырғанына орай бір жағдай болды деген болжам бар.
Аудандық ішкі істер басқармасы қызметкерлері де жасөспірімдерді іздеуді тоқтатқан жоқ. Тәртіп сақшылары Есік, Талғар және Алматы қалаларын түгел шарлаған. Әзірге белгілісі, екі жеткіншек мекенжайы мен телефон нөмірлерін жиі ауыстырып, тәртіп сақшыларынан ізін жасырып жүрген көрінеді. Мақала «Іздеу тоқтаған жоқ» деген тақырыппен берілген.
«Егемен Қазақстандағы» «Осы күннің қыздары» атты мақала «КТК» арнасынан көрсетілетін «Той Bеst star» бағдарламасы туралы. Автордың жазуынша, бағдарлама ет асқан аспаздардың шеберлігін салыстырып, мүшелеудің мәнісін түсіндіріп, салт-дәстүрімізді өтімді тәсілдермен насихаттап жататын. Алайда 15 наурызда көрсетілген бағдарлама оның жағасын ұстатқан. «Ән айтып тұрған жігіт ешқандай қарсылық көрсетпей, одан бетер тамақтың үстіне секіріп билеп, жалғастыра берді. Одан кейін сайқымазақтың киімінде бір жігіт шығып, ән айтып тұрған жігіттің бетіне қолындағы тортын жақты. Қызыл-сары бояу құйды, құстың жүнін үстіне төкті. Залда отырған көрерменмен қосыла Жанар мен Айгүл (жүргізушілер Жанар Айжанова мен Айгүл Иманбаева - авт.) бетін басып, езуі екі құлағына жеткенше күлді. Кола құйған қыз өлең айтқан жігітке «алғыс хат» тапсырды. Сол бағдарламаға қонақ болып келген, үнемі кемпірдің рөлін сомдайтын Ерболат деген жігіт қосылып күлді», - дейді мақала авторы тарих ғылымдарының кандидаты Жұмамұрат Шәмші.
Оның пікірінше, нанның ұсағын жинап алып, жеп қоятын қазақ бүгінде тамақтың үстіне би билеп, өлең айтуға шығыпты. Мұндай сорақылық әлемнің бірде-бір елінде жоқ. «1931-32-жылдары ашаршылықтан талай миллион қазақ қынадай қырылып еді, «қарны тойғанда, қарның аш кезді ұмытып кетесің» дейтұғын біздің ауылдың ақсақалдары. «Американский пирог» деген фильмнен үзінді алғанға ұқсайды. Сол кинода үйленіп жатқан ерлі-зайыптылар бір-біріне пирог жағып мәз болады. Ол АҚШ, ал біз Орталық Азияда тұратын мұсылман еліміз», - дейді автор.
«Өткенде қазақтың киелі ұлттық тамағы - етіне тиісіп, «Бешбармақ шоу» деп бір бүлдіріп еді, енді «Той Best star» шықты. Алғашқыда атының өзінен шошып едік. Осыдан кейін ойыңа «біз алаңсыз тынған халық екенбіз» дедім ішімнен, түнімен ұйықтамай шықтым. Балаларымның болашағына алаңдадым. Әкем жатса-тұрса «Жанар Айжанова өте жақсы өлең айтады» деп мақтап отыратұғын. Басқа-басқа, жанға жайлы дауысымен халық әндерін сызыла тұрып шырқайтын, өзі де қазақы мінезді Жанарға не көрінген?!» - дейді Ж. Шәмші.
***
Қазір ішкі нарықтағы сүт өнімдерінің 80 пайызы шеттен тасымалданады. Ал үкімет болса, 2020 жылдары елімізге енетін сүт және сүт өнімдерінің импорты бар-жоғы 20 пайызды ғана құрайтын межеге төмендейді деп сендіріп отыр. 2020 жыл да қыр астында тұр. Бұл туралы «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Сүттің 80 пайызы сырттан тасымалданады. Неге?» деген мақаласында осы мәселені көтеріп отыр.
Басылымның жазуынша, мұның жауабын Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мырзаның жыл басында Үкімет отырысында айтқан сөзінен табуға болады.
Мұнда көзделген басты мақсат - импорттық тауар ағынының кемуі үшін, отандық сүт өнімдерін ұлғайту. Ал енді статистикаға жүгінсек, бүгінде елімізде 4,8 млн тонна сүт өңделеді. Оның ішінде экспорт көлемі 22 мың тонна болса, импорт 903 мың тоннаны құрайды. Бұл жердегі сандардың алшақтығының сыры, сүт сапасының төмендігі мен ірі қаралардың басым бөлігінің жекеменшік қолда болуымен тікелей байланысты. Оған қоса, шаруа қожалықтарының аздығы да қалың бұқараны ақпен қамтамасыз етуге аздық етіп отыр. Сонымен қатар өңдеу технологиясы мен техникалардың қымбаттығы сүт өндіруде өз ықпалын тигізіп жатқаны жасырын емес. Осы орайда, 2020 жылға қарай сүт өңдейтін 220 кәсіпорын ашу жоспарлануда. Сол кезеңге дейін мемлекеттің қолдаумен арнайы бағдарлама аясында 2 мыңға жуық ірі қара фермаларын іске қосу көзделуде. Ол үшін аталған саланы қаржыландыру, субсидиялау, несиелендіру мәселелеріне қатысты бірқатар қиындықтар бар. 2020 жылға дейін осы мақсатқа 44 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Нәтижесінде, құрғақ сүтпен қамтуда 2 мың тоннадан 5 мың тоннаға дейін, ірімшікті 6,5 тоннадан 10 мыңға дейін, сарымай көлемін 13 мыңнан 28 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған, - дейді министр.
Ал экономист Тоқтар Есіркепов: - Сүт өнімін адал өндірушілерді әділетсіз бәсекеден қорғау, яғни тропикалық майларды сүт өнімі құрамына қосатын өндірушілерді жауапқа тарту талабын қатаңдату керек. Бұл өте үлкен және өзекті мәселе. Мен бұл мәселені жеке көтерген жөн деп санаймын. Кадрсыз сүт саласында айтылған мәселелерді шешу мүмкін емес. ДСҰ-ға кіруге байланысты несие құрылымын өзгертудің, ҚҚС, сүт және сүт өнімінің техникалық регламентін және қорғау шараларының жіберілетін мөлшерін және мемлекеттік қолдаудың нормативті актілерін қайта қарастыру қажет. Болашақ - ірі тауарлы сүт өндірушілерде. Ол үшін ферманың мал жайылатын жері, мал азығын егетін егіс алқабы міндетті түрде болуы керек. Әйтпесе жай ғана құнарсыз шөппен майлы, мол сүт алу мүмкін емес. Өзекті мәселе - оған жер табу. Себебі қазір көптеген ауыл шаруашылығына жарамды жерлер жекенің қолында. Сондықтан екі жаққа да тиімді тетіктер табу керек. Өндірілген өнімді өткізетін нарықты да осы бастан зерттеудің маңызы зор. Сүт - стратегиялық өнім. Олай болса сапалы сүт шығарсақ, ұтылмасымыз анық, - дейді.
«Айқынның» жазуынша, Қытай астанасының орталығындағы «Чаоян» саябағында қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абайға ескерткіш ашылды.
Бұл салтанатқа Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Қытайға жасаған сапары барысында қатысты.
Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Қазақстан елшілігіне Қытай астанасында қазақтың ұлы ақыны Абайдың ескерткішін орнату туралы идея бастамашысы болғаны үшін мүсін авторы Юань Сикуньға алғыс білдірді.
- Дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 22 жыл ішінде Бейжіңде қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбаевқа арналған ескерткіштің ашылуы екіжақты мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға қосқан ерекше үлес болып табылады, - деп атап өтті Сыртқы істер министрі.
Салтанатқа қатысқан мүсінші автор Юань Сикунь да сөз сөйледі. Ол «бүгін ресми түрде «Чаоян» саябағында Абайдың мүсінін орнату арқылы біз ұлы ақынды мәңгі есте қалдырдық» деп ерекше атап өтті.
Ескерткіштің ашылу салтанатына Қытайда тіркелген дипломатиялық корпустың, қазақ диаспорасының өкілдері, сонымен бірге қытай суретшілері мен ақындары қатысты.
***
Шетелдер қазақ биінің өзіне тән ерекшелігіне тамсанып, құрметтейді. Бірақ қазақтың би өнеріне өзгелер қызыға қарағанымен, өзіміз мән бере алмай жатамыз. Қазақ биі үшін жаны күйіп, шыр-пыр болып жүргендер санаулы-ақ. Сенесіз бе, Қазақстанда қазақ биін билейтін, оны үйрететін мамандар тапшы. Биші көп. Бірақ қазақтың шынайы, өзіндік биін билейтіндер аз. Бұл туралы «Астана ақшамы» газетіндегі «Оқырманнан 10 сұрақ» айдары бойынша сұхбат берген ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Шұғыла Сапарғалиқызы айтады.
Оның пікірінше, біздің би өнеріміз дамып келе жатыр. Қазақ биінің өзіндік ерекшелігі мол. «Қазақтың биі де ұлттық салт-дәстүріміз бен тұрмыс-тіршілігімізден туындаған. Өмірден алған әсеріңізден, күйініш-сүйінішіңізден ән немесе өлең-жыр тумай ма?! Би де сол сияқты. Бірақ бұндағы ішкі сезімдерді бейнелеу құралы - қимыл-қозғалыс. Әрине, ойды тілмен емес, қимылмен жеткізу - қиын нәрсе. Мысалға, өзбек биі дегенде, иық қозғалыстарынан-ақ біз оларды бірден ажыратамыз. Сол сияқты үнді биі болса, оны да бірден танимыз. Міне, сондай ұлттық нақышты бейнелейтін, басқа ұлттарға өзін таныстыратын би элементтері бізде де бар. Заман ағымына қарай біз ұлттық бейнені сақтай отырып, қазақ биін одан әрі дамытуымыз керек», - дейді биші. Сұхбат «Қазақтың биі - бойтұмарым» атты тақырыппен берілген.
«Астана ақшамы» газеті тұрақты түрде ұйымдастырып тұратын «Бәйтерек түбіндегі басқосу» дәстүрлі дөңгелек үстелінде алда келе жатқан Наурыз мерекесі туралы ой қозғаған Оразақ Смағұл: Жыл басы Наурыз - күн жылынып, жаздың жақындағанын сезініп көңілденетін әдемі бір кезге сәйкес келеді. Күн мен түн теңеліп, табиғат пен жан-жануар түлеген шақ - кім-кімге де ұлық мереке. Бүгінде осы ұлттық мерекеміз мемлекеттік деңгейде ұлықталып келеді. Дәл Наурыз кезінде басқа мерекеден көбірек демалыс жарияланудың өзі ұлыстың ұлы күніне деген құрмет болса керек. Әрине, Қазақ еліндегі наурыздың өзіндік ерекшелігі бар. Оны тойлау деңгейі күннен-күнге жоғарылап келе жатқанын атап өту қажет. Әрине, кемшіліктер жоқ емес. Бірақ «көш жүре түзеледі». Болашақта Наурыз мерекесі салт-санамызға терең сіңіп, нағыз жаңа жыл мейрамына айналады деген үміттемін, - дейді.