Сүйек мүжіп, құрт жейтін баланың таңдайы тақылдап тұрады - этнопедогог
АСТАНА. KAZINFORM – Ата-бабамыз балаға қатты құрт беріп, сүйек мүжітіп, тілінің уақтылы шығуына көмектескен. Этнопедогог Құндыз Оралжанова осылай ой бөлісті.

- Ұлттық астың балаға әсері өте зор. Неге басты назарды құрт пен сүйекке қойып отырмыз? Қазіргі балалардың көбінде тістерінің қап-қара болып, үгітіліп кетуі жиі кездеседі. Ал тісі дұрыс шықпаған бала дұрыс сөйлей де алмайды. Сол үшін біздің ата-бабаларымыз балаға қатты құрт беріп, сүйек мүжітіп, олардың тілінің уақтылы шығуына көмектескен, - деді этнопедогог Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында берген сұхбатында.

Құндыз өзі де үшемді тәрбиелеп отыр. Үшеуі де 1,5 жасынан бастап тақпақтарды жатқа айтады. Одан кейін де әртүрлі жаттауларды оп-оңай жаттай бастапты. Тіпті Абайдың қара сөздерін де біледі екен.
- Баланың жаттау қабілетінің, зейінінің өсуі тікелей асқа байланысты. Балаға өлеңдерді оңай жаттату үшін ең әуелі оның зейіні ашық болу керек. Қазіргі көп балалардың зейіні жабылып қалған. Ұлттық ас сол зейінді ашуға көмектеседі. Сонымен бірге ана жүкті кезден өзін ерекше күту керек. Өзі де дұрыс ас ішіп, дұрыс күтінген анадан сау бала дүниеге келеді, - дейді үшемнің анасы.
Этнопедогог балаларының бөлмесін қазақи нақышта безендіріп қойыпты. Оның айтуынша бұл әдіс бүлдіршіндердің қиялын дамытуға көмектеседі.
- Қазіргі заманда екі сөздің басын құрап айта алмайтын балалар өсіп келе жатыр. Оның себебі, балалардың қиялы дамымауынан, - деді ол.
Осы ретте Мағжан Жұмабаевтың «Баланың қиялы даму үшін бөлмесі ерекше әрленген, оның қиялына шабыт беретіндей болу керек» деген ойын тілге тиек етті. Үшемнің анасы балаларының қиялын дамыту үшін ағартушының «Педогогика» еңбегінде жазылған «Баланың тыңдау сезімін тәрбиелеу» тәсілін қолданады.
- Бала қиялының жақсы дамуы үшін тыңдау зейінін де тәрбиелеу керек. Ал біз бүлдіршіндерді тек көрсету арқылы тәрбиелеп жатырмыз. Бала ертегілерді, өлең-жырларды естіп өсу керек. Біз де кішкентай кезімізде әжелеріміз айтқан небір жыр, ертегілерді тыңдап өстік қой. Көзімізге елестетіп, ойлап жататын едік. Ал қазір балалардың қолына телефон беріп қойғаннан кейін олай елестетуге мүмкіндік бермейміз. Салдарынан баланың зейіні жабылып қалады. Ал оны ашу үшін балаға ертегі тыңдату керек, - дейді Құндыз Оралжанова.
Балаларды тәрбиелеуде ұлттық құндылықтарды басты назарға алатын ұстаз тұрмыс құруға ниеттеніп жүрген аруларға кеңесін айтты.
- Декрет – депрессия емес. Жалпы, бұл ұғым неден пайда болады? Себебі, ана өзінің үйдегі қызметінің қандай екенін білмейді. Әдетте әкелер сыртта баланың тәніне азық болатын дүниелерді әкеліп, ақша тауып жүретін болса, анасы баланың жанын тікелей тәрбиелеуші. Ал баланың жанын тәрбиелеуді құрсақтағы сәттен бастау керек. Жалпы, әрбір қыз баласы тұрмысқа шыққаннан кейін дүниеге бала әкелетінін түсіну керек. Дүниеге қандай бала әкелемін деп тұрмыс құрмай тұрып ойлануы қажет. Отбасын құрмай тұрып дүниеге Абайдай, Шәкәрімдей мықты азаматтарды әкелуді жоспарлағаны жақсы, - дейді этнопедогог.
Ересектердің балаға кітап оқып беруі несімен пайдалы? Осы және өзге де сауалдардың жауабын мамандардан сұраған едік.