Сұйытылған газ баяғыда қымбаттауы керек еді – сарапшы

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – «Байдильдинов. Нефть» авторлық бағдарламасының жүргізушісі Олжас Байділдинов сұйытылған газ бағасының қымбаттауы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сұйытылған газдың бағасы баяғыда өсуі керек еді. Бұл да басқа тауарлар сияқты нарықтық тауар. Оның негізгі жабдықтары, материалдар, шығын материалдары – импортталады немесе халықаралық бағаларға тікелей байланысты болады. Мысалы, металл Қазақстанда өндіріледі, бірақ толығымен әлемдік бағаларға тәуелді», - деді Олжас Байділдинов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Қазақстанда қазір сұйытылған газдың бағасы өңір бойынша да, әлем бойынша да ең төмен.

Global Petrol Prices мәліметтері бойынша, 27 желтоқсанда мұнай өндіретін Әзербайжанда сұйытылған газ литрі 166 теңге, Ресейде – 182, Қырғызстанда – 203, Беларусьте – 212, Грузияда – 275, Украинада – 303 теңге болған. Бұл бізден бірнеше есе көп.

«2019 жылдан бастап сұйытылған газ ашық биржалық алаңдарда саудаланады және 2022 жылдың басынан бастап нарық бағаны сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптастырады. Кез келген адам ETS.kz биржалық алаңында аккредитациядан өте алады және сауда-саттыққа қатысуға немесе нәтижелерін қарауға құқылы. Бұл дұрыс шара – барлық тауарлар мен қызметтердің бағасы нарық жағдайына ауысуы тиіс. Энергетика министрлігі де, Маңғыстау облысының әкімдігі де сауда саттыққа ықпал ете алмайды және араласа алмайды», - деп қорытындылады спикер.

Айта кетейік, жыл басында сұйытылған газ өндірушілер мұнай өнімдерін электронды сауда арқылы сатуға көшті. Электронды саудаға көшу сұраныс пен ұсыныс негізінде сұйытылған мұнай газының бағасын теңдестіруге және жаңа өндіріс орындарын құруға инвестициялар тартуға да мүмкіндік береді.

Бұған дейін Маңғыстау облысының әкімдігі сұйытылған газ бағасының қымбаттауы туралы пікір білдірді және жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.



Фото: www.facebook.com/ Олжас Байдильдинов

Соңғы жаңалықтар