Сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын құқықбұзушылыққа барғаны үшін ауыл әкіміне қатаң сөгіс беру ұсынылды - БҚО
Тасқала ауданы Амангелді ауылдық округінің әкімі Айдар Хаиров ауыл көшелерінде жазғы суару жұмыстары үшін құбыр тарту кезінде бюджеттік қаржыны заңсыз аударып жіберген. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі аз болғандықтан, қылмыстық іс қозғаудан бас тартылғанымен, ауыл әкімінің мердігерге заңсыз артықшылық көрсеткені анықталды. Сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын құқықбұзушылыққа барғаны үшін оған қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза беру туралы аудан әкіміне ұсыныс жасалды. Сондай-ақ өз қызметінде салғырт-салақтыққа жол берген Зеленов ауданы Зеленый ауылдық округінің әкімі Мереке Серқалиевке Ар-Намыс кодексі талаптарына сәйкес қатаң сөгіс беру ұсынылды. Ал БҚО сот актілерін орындау департаменті Тасқала аумақтық учаскесінің аға сот орындаушысы Қайрат Сәрсекеевтің ісі, бұл мәселе сотта қаралып жатқандықтан, кейінге қалдырылды.