Сыбайлас жемқорлықпен күрес күн тәртібінен түспек емес - Ә.Серғалин

ОРАЛ. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Сыбайлас жемқорлықпен күрес күн тәртібінен түспек емес. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша басқармасының бастығы, облыстық тәртіптік кеңес төрағасы Әкімгерей Серғалинмен сұхбаттасқан еді. - Әкімгерей Бексұлтанұлы, бүгінгі әңгімеміздің өзегі сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы
None
None

болғандықтын, ең алдымен осы күрделі мәселенің облыс көлеміндегі жай-күйіне тоқталсаңыз?
- Әріден қозғасақ, сыбайлас жемқорлықты мүлдем жеңген дүние жүзінде ел жоқ деген мәлімет бар, бірақ оның деңгейін төмендету бағытында әр ел өзінше қам-қарекет жасап жатыр. Елбасымыздың бұл мәселеде де сарабдал саясат ұстануы нәтижесінде Қазақстанда сыбайлас жемқорлықтың деңгейі жылма-жыл төмендеп келеді. Оған дәлел де бар, «Трансперенси Интернэшнл» атты халықаралық қоғамдық ұйым жыл сайын мемлекеттер арасында сыбайлас жемқорлықтың деңгейін анықтап отырады. Егер Қазақстан 2008 жылы 145 орында болса, өткен жылдың қорытындысы бойынша 120-орынды иеленді.

Ал біздің облысымызға келетін болсақ, облыс әкімдігі, құқық қорғау органдары мен облыстық тәртіптік кеңестің бірлесіп атқарған жұмыстары нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларды бұзушылық азайып отыр. Егер 2008 жылы заң бұзушылықтың 316 фактісі тіркелсе, 2009 жылдың қорытындысы бойынша ол көрсеткіш 270-ке тең, ал мемлекеттік қызметшілердің арасында осы уақытта заң бұзушылық 43 көрсеткішке азайды. Керісінше 2009 жылы және осы жылдың бірінші тоқсанында коммуналдық-қазыналық, коммуналдық және мемлекеттік мекемелер басшыларының арасында заң бұзушылық фактілері өсіп отыр.

-Осы заң бұзушылықтардың түп-төркіні неде деп ойлайсыз?

- Лауазымды тұлғалардың тәртіптік ісін қарау барысында мұның себебі көбіне заң білмеушіліктен болды деп айтып жатады. Әрине, заң талаптарының бәрін біле беру мүмкін де болмас, алайда әрбір мемлекеттік орган қызметшілері өзі қолданатын заңдарды білуге міндетті. Өткен жылы қаралған 72 тәртіптік істің үштен бірі мемлекеттік сатып алуды жүргізу барысындағы заңбұзушылық, содан кейін құрылысы немесе күрделі жөңдеу жұмыстары толық бітпеген нысандарды заңсыз қабылдау болып табылады. Заң бұзылудың себептерін талдай келе, лауазымды тұлғаларға жоғарыда көрсетілген мәселелерді заңды шешуде ең бірінші жауапкершіліктің жетіспейтіндігі байқалады. Осы орайда мына мысалды келтіре кетейін: 2008 жылдың қорытындысы бойынша жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдарын қарауда заңбұзушылыққа жол берген 44 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылды. Облыстық тәртіптік кеңестің бастамасымен басшылардың жауапкершілігін көтеру мақсатында барлық аудандарда, облыс орталығында жиналыстар, «дөңгелек үстелдер» өткізілді. Қорытындысында өткен жылы осы бағытта тәртіптік жазаға тартылған лауазымды тұлғалардың саны екі есеге азайды. Демек, жауапкершілік күшейсе, заңбұзушылық та кемиді.

- Мемлекеттік тәртіпті нығайтуда және мемлекеттік қызметшілердің Ар намыс кодексін бұлжытпай орындауында тәртіптік кеңестің орны қандай деп білесіз?

-Ең алдымен айтарым, облыстық тәртіптік кеңес отырыстары ашық, жариялы түрде, құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен өтеді. Ондағы негізгі мақсат - заң бұзушылықтың алдын алу, жолын кесу, тәрбиелік бағытты ұстану. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Заңды орындауды бақылау, шарасын алу құқық қорғау органдарына, әрбір мекеме басшыларына, тәртіптік кеңеске жүктелгендіктен, бұл аса маңызды ортақ жұмыс деп есептеймін.

Бұл бағытта тәртіптік кеңес отырыстарында мекеме басшыларының есебін тыңдау, мекемелерде «Басқарма күнін», аудандарда семинар-кеңестер, дөңгелек үстелдер өткізу жоспарлы түрде ұйымдастырылып тұрады. Ең бастысы, сол заңбұзушылықты болдырмау.

- Елбасының биылғы наурыздың 19-ындағы Жарлығына сәйкес жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жыл сайын бағалау жүйесі бекітіліп, келесі жылдан бастап енгізіледі. Осы бағалау жүйесінде облыстардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзу фактілері есептеледі ме?

- Аталмыш Жарлыққа сәйкес атқарушы органдарды жыл сайынғы бағалау жүйесі алты бағытта есепке алынады. Оның екі бағытындағы жұмысына біздің агенттік баға береді. Сонын ішінде қызметкерлерді басқару жүйесін бағалауда облыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзғаны үшін айыпталған және тәртіптік жазаға тартылғандар ескеріледі. Былайша айтқанда, келесі жылдан бастап облыс, аудан әкімдерінің рейтингілерін шығарғанда міндетті түрде бұл көрсеткіш есептеледі.

Биылғы кейбір нәтижелерге көз салсақ, ол бәрімізді ойландыруы тиіс. Мәселен, құқықтық статистика және арнайы есепке алу басқармасында облыс бойынша бірінші тоқсанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзудың 71 фактісі тіркелген. Соның ішінде 29-ы - мемлекеттік қызметшілер, қалғандары - заң аясында оларға теңестірілген лауазымды тұлғалар. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мемлекеттік қызметке теңестірілген мекеме басшыларының заң бұзуы көбейіп кеткен. Айталық, наурыз айында қалалық білім беру бөлімі бастығының бұйрығымен Оралдағы 20 мемлекеттік мекеменің басшысына, нақтылап айтсақ, бес мектеп директоры мен 15 балабақша меңгерушісіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзғаны үшін ескерту түрінде тәртіптік жаза берілген. Бәрінің жіберген кемшілігі біреу - шешім әзірлеу және қабылдау кезінде заңды және жеке тұлғаларға заңсыз артықшылық көрсеткен. Облыстық тәртіптік кеңес өз тарапынан қала әкіміне хат жолдап, осы өрескел кемшіліктерге талдау жасап, кінәлі лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарауды ұсынды.

Тағы бір айта кететін жайт, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қоятын тетіктердің бірі - халыққа қызмет көрсету стандарттарын жетілдіру, күнделікті өмірге тезірек енгізіп, сапасын арттыру. Жергілікті атқарушы органдар халыққа күні бүгін 37 түрлі қызмет көрсетеді және «Бір терезе» қағидаты арқылы басқа қызметтер көрсетіледі. Бұл да заңбұзушылықты азайтудың бір жолы болып есептеледі. Сондықтан бұл жүйені жетілдіре түсіп, электронды түрде жұмыс жасауға көшу қажет.

- Сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету үшін тағы қандай жұмыстар атқарылуы керек деп ойлайсыз?

- Облыс әкімі бекіткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2009-2010 жылдарға арналған аймақтық бағдарламасына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың міндеті, атқаратын жұмыс ауқымы айқындалған болатын. Сондықтан аудан әкімдері, мекеме басшылары осы аймақтық бағдарламаның орындалуына жете көңіл бөліп, сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол берілсе, соған нақты талдау жасап, құқықтық оқуларды өз деңгейінде жүргізсе, нәтиже сөзсіз оңды болады деп ойлаймын.

Соңғы жаңалықтар