Сыбайлас жемқорлықпен күресте бірлескен іс-қимыл қажет - БҚО

Жиында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, үкіметтік емес ұйымдардың, жалпы қоғамның белсенді араласпайынша және жұмысты кешенді түрде жүргізбейінше, сыбайлас жемқорлықпен күресте тек құқық қорғау органдарының күш-жігері жеткіліксіз болуы әбден мүмкін. Қазіргі таңда еліміз бен өңірде сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе жасалуда, қолға алатын мәселелер де аз емес. Әсіресе, аталмыш індеттің алдын алу, жемқорлық көріністеріне көп болып қарсы тұруға баса көңіл бөлу қажет. Елбасы сыбайлас жемқорлықтың ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретінін бекер ескерткен жоқ, сонымен бірге пәрменді күрес жүргізуді тапсырды. Осы міндет үдесінен шығу үшін жұмыла жұмыстану керек.
БҚО тексеру комиссиясының төрағасы Амангелді Нұғмановтың баян еткеніндей, нысандарды тексерулер қорытындысы бойынша 12 қаулы қабылданып, заңбұзушылықты жойып, кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту үшін 50 ұсыным жіберілді. Соның нәтижесінде 61 лауазымды қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бюджет пен салық және басқа заңдылықты үнемі бұзу сыбайлас жемқорлыққа апаруы мүмкін. Сондықтан бұған дер кезінде тосқауыл қоймаса болмайды. Осы бағытта құқық қорғау органдарымен, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалымен, қоғамдық ұйымдармен бірлескен жұмыс жүргізілуде. Мысалы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментімен жасалған келісім аясында бюджеттік салада, мемлекеттік сатып алуда ашылған құқықбұзушылықтар бойынша төрт материал тексеруге жіберілсе, соның үшеуі бойынша тергеуалды тексеріс жүргізілуде. Сондай-ақ департаменттегі БҚО-дағы тәртіптік кеңес талқысына да материалдар жіберіліп, тиісті шешімдер қабылдануда.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаевтың сөзіне қарағанда, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын тексеру нәтижелері бойынша 13 қылмыс анықталса, соның төртеуі «Нұрлы жол» бағдарламасына қатысты болып отыр. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру барысында лауазымды қызметкерлердің 20 қылмысқа барғаны белгілі болды. Жыл басынан бері «жүйелі сыбайластықтың» төрт дерегі ашылды. Лауазымды қызметкерлердің шағын және орта бизнестің заңды қызметіне араласып, кедергі келтіруіне қатысты 9 шенеуніктің үстінен 11 қылмыстық іс қозғалып, алты адамға соттың айыптау үкімі шығарылды. Жыл басынан бері парақорлық деректері бойынша 45 қылмыстық іс тіркелді. Он айда заңбұзушылықты жою жөнінде 79 ұсыным беріліп, соның нәтижесінде 72 қызметкер түрлі тәртіптік жазаға тартылды, біреуі қызметінен босатылды, тағы бесеуі қызметінен кетті.
Мемлекеттік сатып алу байқауларына мониторинг жүргізу барысында 165 млн. теңгенің тиімсіз жұмсалуына тосқауыл қойылды. Департамент 33 мемлекеттік органның қызметіне талдау жасап, тексеру жүргізген кезде мемлекеттік қызмет көрсету барысында жемқорлыққа бару мүмкіндігі көп екендігі байқалды. Атап айтқанда, осындай 239 жағдай анықталды.
Жиында «Қоғам - Общество - Society» ғылыми-зерттеу институтының директоры Асхат Аменов сыбайлас жемқорлық көріністері туралы қоғамдық пікірді анықтау мақсатында жүргізілген әлеуметтік зерттеулер қорытындысын жария етіп, сауалнамаға қатысқандар жемқорлықты шенеуніктер аппаратының іс-әрекетімен және мемлекеттік қызмет көрсетумен байланыстыратынын атап өтті. Жемқорлықтың парақорлық, жеке бас пайдасы үшін лауазымын пайдаланып, мемлекет қаржысын жымқыру сынды көріністері белең алып, соңғы жылдары мұндай деректердің көбейе түсуі алаңдатады. Сауалнамаға қатысқандардың дені сыбайлас жемқорлықтың жергілікті атқарушы билік, құқық қорғау органдары, сондай-ақ емханалар мен білім беру мекемелерінде көбірек кездесетінін көрсеткен. Түптеп келгенде, бұл қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ахуалының қалыптаспағанын білдіреді. Жемқорлықпен көбінесе қала тұрғындары бетпе-бет келеді екен.
Мәжіліс қорытындысы бойынша басқарма, департаменттер басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.