Сыбайлас жемқорлықты түбі жеңеміз

Қазір бұл заңды барлық құзырлы органдар басшылыққа алып жұмыс істеп жатыр. Жамбыл облысы Жуалы аудандық сотының бас маманы Дулат ДОСЫБАЙЛЫМЕН осы мәселе төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.
- Дулат Серікұлы, сыбайлас жемқорлықпен күрес тек құзырлы органдардың ғана міндеті емес, коррупциямен бүкіл қоғам болып күресу қажет деген қағидаға қалай қарайсыз? Заңгер ретінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты жалпы ойыңызды айтсаңыз?
- Сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеу жұмыстарын күшейту мақсатында күнделікті жұмыс барысында Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы», «Мемлекеттік сатып алу туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы» және т.б. заңдары үнемі пайдаланылып, басшылыққа алынады. 2014 жылдың 7 наурызындағы «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар ескеріліп, бүгінгі күні жұмыс барысында қолданылуда. Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мемлекеттің одан әрі табысты дамуы үшін сөзсіз басымдық. Сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністері қоғамның мүддесіне зардабын тигізіп және мемлекеттің экономикалық өсуіне көп кедергі келтіреді. Сондықтан да біздің еліміз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінде халықаралық тәжірибелерге сүйеніп әртүрлі шаралар мен модельдерді үйлестіріп отыруымыз қажет. 2014 жылғы тамызда құрылған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірегей орган. Ол мемлекеттік қызмет саласындағы менеджмент, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және бақылау, сыбайлас жемқорлықты ескерту мен оның алдын алу, құқық қорғау қызметі секілді жұмыс бағыттарын үйлестіреді.
- Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» жаңа заңының бұрынғы заңнан артықшылығы мен тиімді жақтары неде деп білесіз?
- Бұдан бұрын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесі жемқорлықтың салдарымен ғана күресуге және кінәлі адамдарды жазалауға бағытталған болатын. Қазір елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына елеулі түзетулер енгізілуде. Атап айтқанда, жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы басты назар оның алдын алуға, мемлекет пен қоғамның күшін сыбайлас жемқорлықты барынша азайту жолына ұштастыруға бағытталған. Осы бағыттағы кешенді іс-шара 2014 жылғы желтоқсанда қабылданған Қазақстан Республикасының 2015 - 2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында көзделген.
2015 жылғы сәуірде осы стратегияны іске асыру жөніндегі Үкіметтің жоспары бекітілді. Онда алдағы үш жыл ішіндегі көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар анықталды. Сонымен қатар Елбасымыз ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру мақсатында кәсіби мемлекеттік аппарат құру мен сыбайлас жемқорлықты барынша азайту - басым бағыттардың бірі болып белгіленді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріндегі кешенді көзқарасқа «Мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қоғамдық кеңестер туралы», «Ақпаратқа қол жеткізу туралы», «Жалпыға бірдей декларациялау туралы», «Мемлекеттік сатып алу туралы», «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы», «Ақпараттандыру туралы», сондай-ақ Кәсіпкерлік және Этика кодекстері сияқты бірқатар заңнамалық актілер арқылы қол жеткізілді.
- Дулат Серікұлы, сіздің ойыңызша, мемлекеттік қызметкерлердің біліміне, алатын жалақыларына, қызметтік сатымен жоғарылауына көңіл бөлу сыбайлас жемқорлықтың элементтеріне тосқауыл бола ма?
- Мемлекеттік қызметті реформалаудың жаңа кезеңі мансаптық жолға ауысуды және мемлекеттік аппаратқа кадрларды іріктеу мен жылжыту үдерістерін кешенді өзгертуді қалайды. Сонымен қатар жаңа тетіктер меритократия қағидаларын күшейтуге, мемлекеттік қызметте есеп беру мен сыбайлас жемқорлықтан тыс басқару аппаратын құруға бағытталған. Мемлекеттік қызметке іріктеу мен мансаптық жоғарылау кезінде біліміне және жұмыс өтіліне қойылатын талаптармен қатар, маңызды талаптар - қызметшілердің атқарып отырған лауазымдары бойынша нақты міндеттерін тиімді атқаруға қажетті құзыреттерінің болуы. Мұндай тәсіл Қазақстанда бірінші рет қолданылатын болады. Аталған реформа шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мәселелеріне де үлкен мән берілуде. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» заңға сай мемлекеттік органдар мемлекеттік қызметтердің бизнес пен халық қамы үшін бағытталуын қамтамасыз етеді, қызмет көрсету стандарттары бекітіледі. Бұл үшін қазіргі уақытта мемлекет көрсететін қызметтердің электронды форматына ауысуы бойынша белсенді жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
- Жаңа Кәсіпкерлік кодекс кәсіпкерлерді сыбайлас жемқорлықтан қаншалықты қорғайды? Пара алу, пара беруге мәжбүрлеу фактілеріне қатысты сот органдары тарапынан жаза қолдану өзгерді ме?
- Жаңа Кәсіпкерлік кодекс мемлекет пен кәсіпкерлік субъектілерінің өзара қатынастарын нақты реттеуге, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында жеке компаниялардың әрекеттеріне көзқарас айқындалды. Бұған қоса, ағымдағы жылдың басынан қолданыстағы төрт жаңа Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқарушылық және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстер аясында мемлекеттік аппаратта сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу жөніндегі кешенді шаралар қолға алынды. Парақорлықтың барлық түрлері бойынша жазаның балама шараларын енгізуді жаңалық ретінде атап өткен жөн, яғни алынған параның мөлшеріне сай еселеп айыппұл салу амалы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.
- Елімізде сыбайлас жемқорлықты түбірімен жоюға арналған осындай кешенді шаралар жүргізіліп жатыр, нәтижесі қандай болады деп ойлайсыз?
- Сыбайлас жемқорлықты келешекте түбегейлі жеңеміз деген үміт бар. «Ел сенімін ер ақтар, ер сенімін ел ақтар» демекші, Елбасы бастамасын Қазақстан халқы қолдап, өркениетті 30 елдің қатарынан көрінуге мақсат қоюда. Бұл мақсатқа жету үшін мемлекеттік құрылымдарды кәсібилендірмей, сапасын көтермей, мемлекеттік қызметті жемқорлықтан таза ұстамай алға жылжу, өзіміз көздегендей әлемнің озық 30 елінің қатарынан көріну мүмкін емес. Ұлт жоспарын бағдар еткен Қазақстан халқы қазір барлық саланы жаһандық дағдарыстан шығынсыз шығарып, даму жолын оңтайландыруды іздеуде.
- Жергілікті жерлерде коррупциямен күрес қалай жүргізілуде, биылғы жылы қанша адам сыбайласқан жемқорлық бабымен сот алдында қылмыстық жауапқа тартылды?
- Жуалы аудандық сотында 2016 жылдың 9 айында, сыбайлас жемқорлыққа қатысты 2 қылмыстық іс қаралды, бұл қылмыстық істер бойынша айыпталушылар заң алдында соттың шешімімен тиісті жазаларын алды. Бұл бір жағынан азаматтардың сыбайласқан қылмыстарға бармауына, пара алудың алдын алуға өз үлесін қосады. Халық мұны білу керек, осындай қылмысқа қатысты Қазақстан Республикасының заңдарына сай лайықты жазалар көзделген. Оған кейбір азаматтар көңіл аудармайды, тек сот процесінде ғана өкінеді. Егер ол заңмен жазаланатынын білсе ондай қылмысқа бармас еді, тек басына іс түскенде ғана опық жеп, өзінің өміріне балта шапқанын, отбасының обалына қалғанын түсінеді. Біз, қоғам болып сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, ондай жағдайларға жеткізбеуіміз қажет.
Осы бағытта мемлекеттік деңгейде кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Ұлт жоспары - «100 нақты қадамның» 13-қадамында жемқорлыққа қарсы күресті күшейту туралы нақты көрсетіп айтты. Онда жаңа заңнамалар әзірлей отырып, мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқықбұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құру деп көрсетіліп отыр. Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігі бірінші кезекте, негізгі буыны сот төрелігінің мінсіз жүйесі болып табылатын құқықтың үстемдігін қамтамасыз ету жүйесіне байланысты. Нақтылап айтсақ, сот жүйесіне деген сенімді арттыру - сот төрелігін іске асырудың сапасын жақсарту үшін судьялардың қызметіндегі сыбайлас жемқорлықты болдырмау үнемі бақылауда тұрады және бұл бағыттағы жұмыстар орындалуда.
- Әңгімеңізге рақмет!