Сыр бойының дәрігерлері төл мерекелерін атап өтті

Салтанатты кеште Елбасымыздың биылғы Жолдауында әлеуметтік салаларға басымдық берілгенін, соның ішінде денсаулық сақтау саласы айрықша мәнге ие болып отырғанын атап өтілді. Жолдауда халық денсаулығын жақсартуда салауатты өмір салтын орнықтырудың маңызды екені баса айтылған. Осы ретте аймақтағы денсаулық сақтау саласының материалдық техникалық базасы нығайтылып жатқаны сөз болды. Айталық, «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджеттен облыстық медицина орталығы жанынан қосымша құрылыс жүргізуге 36 млн. теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен 251970 мың теңге медициналық құрал-жабдықтарға, 19 автокөлікке 43130 мың теңге қаржы қаралған.
Жиында бірқатар дәрігерлерге «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгілері тапсырылды. Сонымен қатар ардагер дәрігер Тұрғанбай Маханов сала мамандары атынан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Болатбек Баймахановқа «Алтын дәрігер» төс белгісін тақты.