Сыр диқандары күріш егуді бастайды
Күріш егісіне 20 мың тонна тұқым қамбада дайын тұр. «ҚазАгроЭкс» АҚ Қызылорда облыстық филиалының мәліметі бойынша бүгінгі күнге 17,7 мың тонна тұқым тексеруден өткізіліп, оның 13895 тоннасы (78,3 %) себу дәрежесіне жеткізілді.
Минералды тыңайтқыштарға келсек, соңғы мәлімет бойынша шаруашылықтар 21,2 мың тонна аммоний сульфаты, 8808 тонна карбамид, 120 тонна амиак селитрасы, 5790 тонна аммофос, 129 тонна суперфосфат, 10 литр МЭРС және 1011 тонна фосфорит ұны тыңайтқыштарын алған. Мамандар биыл су тапшылығы болмайтындығын айтып отыр. Олардың есептеуінше, дақылдарды тұрақты суаруға орташа 4 - 4,1 млрд. текше метр су қажет. Дәл осындай көлемдегі су Шардарада бар. Қазіргі уақытта Шардара су қоймасынан төменге секундына 700 текше метр су тасталуда. 2014 жылдың көктемгі дала жұмыстарына 1805 трактор, 250 тұқым сепкіш, 490 соқа, 956 трактор тіркемесі және 415 автокөлік қатысады. Техникалар бүгінде сақадай сай дайын. Облыстың ауыл шаруашылығы дақылдарын егіп, күтіп-баптау жұмыстарын уақытылы жүргізуге 14 мың тонна дизель отыны, 2,8 мың тонна бензин және 840 тонна қою май қажет. Мұнай өңдеу зауыттардан облысқа дизель отынын жеткізуші 12 оператор белгіленді. Олардың төртеуі өздерін өздері қамтамасыз ететін шаруашылықтар болса, қалған 8 оператор аудан шаруашылықтарына дизель отынын жеткізіп береді. Қазіргі уақытта шаруашылықтар көктемгі дала жұмыстарына қажетті сұйық отынмен толық қамтылған.