Сыр өңірінде «Достық керуені» игілікті істердің бастамашысы болып отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы: «Ел бірлігі - ең асыл қасиет. Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық, ең алдымен өзімізге, қазақтарға керек», деп көрегенділікпен айтқандай, елдің татулығының, бірлігінің сақталып келе жатқанының айғағы ретінде Сыр өңірінде ауқымды шаралар жалғасын табуда.
None
None

Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясы хатшылығының ұйымдастыруымен шілде айынан бастап облыс көлемінде «Бейбітшілік және келісім жол картасы» мега жобасы аясында «Достық керуені» жұмыс атқарып келеді.

Таяуда Белкөл кентінде «Евро-Азиаттық құрылыс корпорациясы» мердігерлік компаниясының ұжымына арналған «Достықта жоқ шекара» атты кең ауқымды ақпараттық-насихаттық шара ұйымдастырылды. «Евраскон» ААҚ ұжымында әртүрлі ұлттардың өкілдері жұмыс жасайды. Атап айтқанда, қазақтар, түріктер, әзербайжандар, орыстар, кәрістер және дағыстандықтар. «Евраскон» ААҚ мердігерлік компаниясының 150-ге жуық өзге ұлт өкілдерінің алдында сөз алған Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясы хатшылығының басшысы Л.Турешова шараның басты мақсатын, Қазақстанда түрлі этностар тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын, елдің достығы мен бірлігін ең басты құндылығымыз ретінде сақтау қажеттігін айтты. Сонымен қатар, өңірдің ірі өндіріс ұжымдарында Қоғамдық келісім кеңестерін құру жұмыстарына тоқталып, аталған кеңестің зор мүмкіндіктерін сөз етті. Концерт барысында өзбек этномәдени орталығының төрағасы А.Хамидов, татар этномәдени орталығының белсенді мүшесі Р.Смаханова, «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығының белсенді мүшесі А.Триновалар да республикамызда, өңірімізде этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді қалыптастыруда бірлестіктердің одан әрі жұмысты жалғастыра беретінін атап өтіп, оған үлес қосуға шақырды. Қатысып отырған жұмысшыларға жылы лебіздерін айтып, орталықтарының атынан музыкалық сәлемдерін тарту етті. Игі шарада «Евраскон» ААҚ мердігерлік компаниясының жұмысшылары назарына Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясы, Сыр елі жайлы бейнематериалдар ұсынылды. Шара соңында компания басшысы М.Мансұров сөз алып, Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімнің тұрақтылығына қызығушылығын білдіріп, келісімшарттары аяқталғаннан кейін де басқа жобалар бойынша жұмыстарын жалғастыра беретінін жеткізді. Әзербайжандар мен қазақтардың бауырластығын, олардың басын біріктіретін Қорқыт Ата екенін мақтаныш сезіммен айтып, Сыр өңіріне ризашылықтарын білдірді.

Соңғы жаңалықтар