Сыр өңірінде көші-қон бағдарламасы қарқын ала бастады

ҚЫЗЫЛОРДА. Қаңтардың 8-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Туған жердің топырағын аңсаған қандастардың атамекенге ат басын бұруы уақыт өткен сайын жиілеп келеді.
None
None
Олардың жаңа жағдайға тезірек бейімделуі үшін арнайы кәсіпке баулу қажеттігін Елбасы өз Жолдауында атап айтқан да болатын. Осыған орай Көші-қон комитетінің Қызылорда облыстық департаменті де бірқатар шараларды жүзеге асырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Еліміз тәуелсіздік туын тіккелі облысқа квотамен құрамында 17314 адамы бар 3542 отбасы оралыпты. Оларға заң талаптарына сай жәрдемақы төленіп, тиісті орындарға орналастырылды. Ал, өткен жылдың өзінде ғана облысқа бөлінген квота аясында 300 отбасы оралмандар қатарын толықтырды. Елге оралғандардың дені Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия мен Тәжікстаннан. Арасында алыстағы Ауғанстаннан, Иран мен Қытайдан келгендер де кездеседі. Бұның өзі тәуелсіз еліміздің әлем жұртшылығы алдындағы беделінің өскенін айғақтайды. Еліміздің еңсе тіктеп, дамыған мемлекеттер қатарына қосылуға деген талпынысы оң нәтиже беріп жатқандығын осыдан-ақ аңғаруға болады.Оралмандарды арнаулы орталықтарда алдын ала дайындау, қоғамға бейімдеу мен кіріктіру барысында түрлі шаралар жүзеге асырылуда. Жаңа қонысқа келген оралман отбасыларының әлеуметтік, құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету, оларды жұмыспен қамтып, кәсіби оқыту мен бейімдеу, қайта даярлау ісі департамент міндеттеріне кіреді. Отанына оралған қандастардың өздерінің әлеуметтік құқықтарын тұрғылықты халықпен бірдей пайдалануына күш салынады. Мәселен, оралмандардың оқу жасындағы балаларының мектепке толықтай тартылуы қамтамасыз етілген. Оларға заң нормалары бойынша зейнетақы, мемлекеттік және балалар жәрдемақысы, атаулы әлеуметтік, тұрғын үй көмектері тағайындалып, төленіп келеді. Өткен жылдан бастап оралмандардың "Ынтымақ" қоғамдық бірлестігі құрылып, ол облыстағы шеттен келген қандастардың қордаланған түрлі мәселелерін шешуге атсалысты. Өзге елдердегі қазақ диаспораларымен байланысып, көші-қон департаментіне елеулі көмек көрсетті. Сондай-ақ, облыс әкімі жанынан құрылған оралмандар істері жөніндегі кеңес те көптеген мәселенің ұйытқысы болды. Ал, оралмандарды жергілікті жағдайға бейімдеу, оларға қолдау көрсету мақсатында жуырда құрылған "Дидар" қоғамдық қоры тарапынан департаменттің нұсқаулығы шығарылып, таратылды. Мұның өзі оралмандардың жаңа ортаға бейімделуіне, жергілікті халықпен етене араласып кетуіне сеп болды.- Атамекенге оралған қандастарымызға берілетін квота саны жыл өткен сайын артып келеді, ? дейді Көші-қон комитетінің облыс бойынша департаментінің директоры Салхадин Мырзабеков. ? 1998 жылмен салыстырғанда көшіп келу квотасымен келушілер саны 30 есеге өсті. Оның үстіне оралмандардың бейімделу орталығының талап деңгейінен төмен болуы біздің жұмысымызды едәуір қиындатты. Дегенмен департамент қолдан келер істен аянып қалып жатқан жоқ. Бұрынғыдай емес оларға көп жеңілдік жасалуда. Мәселен, заңға сәйкес өтініш білдіргендер еш кедергісіз үш-төрт айда республика азаматтығын алып жатыр. Иә, департаменттің өз тарапынан атқарылар істерден аянып қалмасы анық. Еңбекке жарамды адамдардың 90,8 пайызы жұмысқа орналастырылып, жеке кәсіпкерлікпен айналысушыларға тиісінше көмектер көрсетілген. 2000-2002 жылдары оралман отбасылары үшін мемлекет тарапынан сатып алынған 152 тұрғын үй жекешелендірілді. Квотадан тыс көшіп келушілер де жетерлік. Атамекенге көш басын бұрғалы бергі уақытта құрамында 2813 адамы бар 1043 отбасы тәуекелмен елге оралған. Әрине, олар оралмандарға көрсетілетін түрлі жеңілдіктер мен жәрдемақылардан тысқары қала алмайды. Сондай-ақ мүмкін жерсінбей, бәлкім өзге аймақтан қолайлы тұрмыс жағдайын тапқаны болар көшіп кетушілер де кездеседі. Оған керісінше, республиканың өзге өңірлерінен Сырға бет түзегендер де бар.Елге оралған отбасыларына ең қажеттісі әрине, баспана. Қандастардың жаңа ортаға бейімделуі елеулі қиындық та туғызады. Осыған орай республика көлемінде биылдан бастап жүзеге асырылатын "Нұрлы көш" бағдарламасы аясында көптеген шаралар атқарылмақ. Осы бағдарлама іске асырылғанда облыс орталығына жақын, автотрасса бойында Ақсуат ауылы бой көтеретін болады. Мұнда қоныстанушыларға қолайлы жағдайлар жасалады. Электр жарығы, ауыз су, газ мәселесі шешімін табады. Ауылды жасақтауға республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінбек. Сондай-ақ, жеке шаруашылық жүргізуге мүмкіндік жасалды. Болашақ оралмандар ауылында тұрғын үйлер, мектеп, балабақша, емхана салынады. Ең бастысы, осы жүргізілетін құрылыстардың бәрінде де сол оралмандардың өздері жұмыс істеп, еңбекақы табады. Және сол салынған мекемелерде оралмандар өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналастырылады. Оларға қатысты күрделі мәселелерді шешу үшін облыс орталығынан 70-90 отбасына арналған бейімделу және кіріктіру орталығының қажеттілігі уақыт өткен сайын сезілуде. Облыс әкімдігі жанындағы оралмандар отбасы кеңесі мен көші қон департаментінің бұл жөніндегі ұсынысы өз шешімін табатын сыңайлы. Биыл оған дайындық жұмыстары жан-жақты жүргізіледі. Тағы бір айта кетер мәселе, тұрғын үй кезегінде тұрған 30 мыңға тарта жергілікті тұрғындарға да сол аймақтан жер бөлінеді.
Соңғы жаңалықтар