Сыр өңірінде «Тәуелсіз елдің ұланымыз» тақырыбында салтанатты қабылдау кеші өтті
Бағдарлама бойынша 100 оқушы "Жас ұлан" қатарына қабылданады. Шараға 300 делегат және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазақстанның еңбек ері Абзал Ералиев, «Жас ұлан» гимнінің авторы Жаналиева Ұлбосын, Нұрмаханова Гүлжанат, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Базартай Жандос қатысты.
Салтанатты кештің І бөлімінде қонақтар жас ұландарды құттықтап, "Жас ұлан" ұйымына қабылдау рәсімі өткізілді. Салтанатты кештің ІІ бөлімінде талантты балалардың өнер шеруімен жалғасып, 2014 жылдың үздіктеріне «Көшбасшы-2014» және «Балалар үшін» номинациялары тапсырылды.
Жыл сайын «Ұланымыз ұлы елдің» облыстық слеті, «Болашақты жобалау-табысты жобалау» тәлімгерлердің облыстық конференциясы, ұйым мүшелерінің «Жас ұлан көктемі» фестивалі, «Ұланымыз ұлы елдің» ұйым қатарына салтанатты қабылдау рәсімі дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Ұйымның алғашқы салтанатты жиынына Елбасы Н.Назарбаевтың өзі қатысқан болатын.
Сыр ұландары «Балалар әлеміндегі игі істер» жобасы арқылы қайырымдылық шараларын ұйымдастырып тұрады. Еш қаражатты қажет етпейтін, бірақ балалар бойында адамгершіліктің ізгі қасиеттерін қалыптастыратын қарапайым да қажетті жоба. Осы жоба арқылы балалар арнайы мекемелерде түрлі қайырымдылық, мейірімділік акцияларын ұйымдастырады. «Тілсіз дос», «Досыма сыйлық», «Мейірімді жүрек», «Қайырымдылықпен қадам басамыз» акциялары арқылы №5 көзі көрмейтін балалар интернатында, №6 құлағы естімейтін балалар интернатында, №1 оңалту орталығында, үйден оқитын балалармен өткізіліп тұрады. Ұрпақтар сабақтастығын дамыту мақсатында ардагерлермен, партия, комсомол қайраткерлерімен тығыз байланыс орнатылған.
Үстіміздегі жылы Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 240 жылдығына орай жас ұлан сағаттары ұйымдастырылып, Ғани Мұратбаевтың өмірін насихаттау мақсатында «Ғани ғұмыр жаңғырып, тарихта қалған жаңғырып» тақырыбында ғылыми конференция өткізіліп, онлайн семинарлар ұйымдастырылды.