11:44, 10 Қаңтар 2010 | GMT +5
Сыр өңіріндегі эпикалық жыршылық дәстүр проблемасы талқыланды
ҚЫЗЫЛОРДА. Қаңтардың 10-ы. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Сыр өңіріндегі эпикалық жыршылық дәстүр проблемасы мен Нұртуған Кенжеғұлұлы қалыптастырған жыршылық мектептер тақырыбын қамтыған республикалық ғылыми-танымдық конференция болып өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Нұртуғанның атасы Еспембет суырыпсалма ақын, әкесі Кенжеғұл - шебер күйші, анасы Айсұлу шежіреші болған. Сауатын ауыл молдасынан ашып, кейін медреседе Мұхаммеди молдадан дәріс алған. Алғашқы эпикалық туындысы «Едіге» жыры 1910 жылы жазылған. Сол жылдары Арал өңірінде дәстүрлі жыршылық, ақындық өнер мектебін қалыптастырды. Сонымен қатар, «Мәулімнияз-Едіге», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», «Қобыланды», тағы басқа ірі эпикалық жырлары қазақ халқының өшпес мұрасына айналды.
Басқосу барысында алматылық қаламгерлер - бірқатар азаматтар аталмыш тақырып жөнінде өз ой-пікірлерін білдірді. Конференцияны облыстық мәдениет басқармасының бастығы, ақын мұраларын зерттеуші ғалымдардың бірі Берік Жүсіпов қорытты.