11:55, 24 Маусым 2010 | GMT +5
Сыр өңіріндегі ыстықтың беті қайтатын түрі жоқ
ҚЫЗЫЛОРДА. Маусымның 24-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Міне, бірнеше аптадан бері Қызылорда облысының аумағында атжалманды алжастырып, бұзаубасты қара топырақтың қалың қабатына қуып тығатын қапырық ыстық болып тұр.

Ауа райының мұндай ахуалы жұрттың денсаулығына да айтарлықтай әсер етуде. Облыс орталығындағы «Жедел жәрдем» стансысы бас дәрігерінің орынбасары С.Сақтағанованың дерегінше, осы аптап басталғалы бері шұғыл дәрігерлер шақырушылардың қатары да күрт өскен. Тіпті «жедел жәрдем» көліктері жетіспегендіктен, такси шақыртып, ауруханаларға өз аяқтарымен барып жатқандар да жетерлік. Ал жәрдем тілеушілердің дені жүрек-қан тамырлары сырқаттары түрлерімен ауырғандар болып отыр.