«Сыр өңірінің фольклорлық антологиясының» бірінші томы жарыққа шықты

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында «Сыр өңірінің фольклорлық антологиясының» бірінші томы жарыққа шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлымен кездесті.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов қатысты.

Басқосуда Бағдат Кәрібозұлы «Сыр өңірінің фольклорлық антологиясын» шығарудағы негізгі ұстаным мен құнды еңбектің ерекшелігін тілге тиек еттті.

Облыс басшысына антологияның бірінші томы «Жанқожа батыр» жинағын таныстырды.

Айту керек, антология Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынды.

Яғни халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері - Сыр бойындағы аңыз әңгімелер, шежіре, батырлар жыры, қисса-дастандардың ел аузындағы нұсқалары жинақталып, «Сыр өңірінің фольклорлық антологиясы» атты үш томдық жинағын шығару идеясынан туындады.

Жиында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова құнды еңбек рухани-мәдени бағыттағы іргелі ізденісті одан әрі дамытып, жастардың ұлттық өнерді бойына сіңіре отырып, танып білуіне зор ықпалын тигізетініне сенім білдірді.

«Жинаққа Жанқожа батыр туралы тың тарихи деректер мен батырға арналған тарихи жырлар енгізілген. Оның ішінде Мұсабай жырау, Лұқпан Кенжеғұлұлы, Қарман Сұлтанұлы, Жекей Шаңғытбайұлы, Орнықбай Сұлтановтардың бұрын баспа бетінде жарияланбаған жыр нұсқаларының енуі үлкен құнды еңбек ретінде тарихта қалады. Сондықтан да аталған батырлар жырының халыққа, келер ұрпаққа ел тарихын танып-білуде маңыздылығы ерекше деп ойлаймын. Бұл ел тарихындағы айтулы жыл - ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған үлкен тарту болып отыр. Елдің еңсесін көтеріп, ұлттық рух беретін құнды жинақтың шығуы Сыр халқы үшін үлкен мерей, зор қуаныш және рухани үлкен қазына, құнды мұра болары сөзсіз. Аталған жинақты барша оқырман қауым ыстық ықыласпен қабылдайды деп санаймын», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Алдағы аптада «Жанқожа батыр» жинағының тұсаукесері өтеді. Мың данамен шығарылған кітап облыстағы 239 кітапханаға таратылады.

Профессор алдағы уақытта антологияның екінші томына Сыр елі туралы аңыз-әңгімелер мен түрлі оқиғалар жинақталса, үшінші томына дастандар мен қиссалар топтастырылатынын жеткізді.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада Кете Жүсіпке арналған жыраулар байқауы өткен болатын.


Соңғы жаңалықтар