Сыр өңірінің Тұрмағанбет оркестрі Түркиядағы өнер фестиваліне қатысады
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр өңіріндегі Тұрмағанбет халық аспаптар оркестрінің өнерпаздары Түркия мемлекетінде түркі тілдес халықтарының өнер фестиваліне қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен шара 1-10 маусым аралығында Түркияның Кастамону, Анкара, Ақсарай, Болу қалаларында өтеді.
«Оркестрдің концерттік бағдарламасында қазақ халқының әндері, Әлшекей, Құрманғазы, Қорқыттың күйлері және әлемдік, қазақстандық композиторлардың шығармалары мен Сыр термелері бар. Өнер ұжымымен бірге Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түркия мемлекеттерінің өнерпаздары да өнер көрсетеді деп күтілуде. Алыс және жақын шетелдердің сахнасында өнер көрсету арқылы Сыр елінің орындаушылары ұлттық өнердің дамуына және насихатталуына өз үлесін қосып келеді», - деп атап өтті облыстық филормония жетекшісі Талғат Мақашов.
Айта кету керек, Тұрмағанбет халық аспаптар оркестрі Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 125 жылдық мерейтойы қарсаңында 2007 жылы Қызылорда облыстық филармониясы жанынан құрылды. Бүгінде өнер ұжымы құрамында 45 музыкант бар. Оркестрге Кеулімжай Ботабаев және Күлдары Избанова дириржерлік етеді. Көркемдік жетекшісі қызметін Самат Абылаев атқарады.
Оркестр репертуарында 300-ге жуық қазақ ұлттық әндері, күйлері, Қазанғап, Шал Мырза, Бекпембет, Әлшекей, Жалдыбай, Досжан Төлеген, Қазақстан және жергелікті композиторларының шығармалары қамтылған. Ұжым орындауында классикалық музыка, орыс, кәріс, ұйғыр, әзербайжан және тәжік әуендері бар.