Сырдария өзенінің Қызылордаға жақын тұсында мұз жүрді
«Қазгидромет» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Жұлдыз Қалымбетованың айтуынша, дариядағы жағдай қатаң бақылауда тұр. Бүгінде облыстың солтүстік аудандарында толықтай мұз қалыптасқан. Ал, Тасбөгет су бекетінде жиектік мұздар мен қабыршақ мұздың жүруі байқалады.
«Ауа райының құбылмалылығынан, жауын шашын, сондай-ақ, мұздың еруінен су деңгейі біршама көтерілді.
Айта кету керек, «Қазгидрометтің» мәліметі бойынша, 10-13 қаңтар күні ауа температурасы түнде -10 -15, солтүстік аудандарда -20 -25, оңтүстік аудандарда -5 -10 аяз болады деген болжам бар. Кей жерлерде тұман, көктайғақ болып, жел күшейеді», - деді Ж. Қалымбетова.
Одан кейін ауа температурасы аздап жоғарылап, облыс бойынша қар, оңтүстік аудандарда жауын-шашын болады. Ауа температурасы түнде -5 -10, кей жерлерде 0 градус аязға дейін, күндіз 0 -5, кей жерлерде -8 аязға, оңтүстік аудандарда 0 +5 жылыға дейін жоғарылайды. Кейін ауа райы қайта суытуы мүмкін.
Біз бұдан бұрын Қызылорда тұсында Сырдария суы бөгетті бұзып кеткенін хабарлаған едік.
Сондай-ақ, Қызылордада Сырдарияның суы тасу қаупі туып тұрғаны айтылды.
Естеріңізге сала кетелік, 25 желтоқсанда Қызылорда облысы Қазалы ауданы аумағында дария бойындағы қорғаныс бөгеті жарылды.
Ал одан кейін Қазгидромет Сырдарияның арнасынан шығып кетуі мүмкін екенін хабарлады.