Сырдарияда су тасу қаупінің беті қайтты

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Серік Сермағамбетовтың айтуынша, өзен бойында тәулік бойы кезекшілік бекітіліп, қажетті қауіпсіздік шаралары қабылданды, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Естеріңізге сала кетейік, 28 желтоқсан күні Сырдария өзенінде су деңгейі көтеріліп, Сырдария өзенінің ескі арнасы толысып, ПМК-29 саяжайында 9 тұрғын жайдың ауласына су жайылған.

«Саяжай массивінде барлығы 76 үй бар, оның ішінде 37-сі жыл бойы пайдаланылады. Қазіргі кезде су тасқынының алдын алу шаралары аясында тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Сондай-ақ, ұзындығы 100 м жуық арнаның қорғау дамбаларын бекіту мақсатында 8 техника және 15 адам жұмылдырылып, 22 жауапты ұйымдардың тәулік бойы кезекшілігі бекітілді», - деп мәлімдеді Серік Сермағамбетов.

Атап өтейік, ПМК-29 саяжайы өзен арнасындағы су деңгейі жоғарылау кезеңдерінде су жайылатын аймақ болғандықтан тұрғындарға алдын-ала ескертпе хаттар таратылған. Дегенмен, 28 желтоқсан күні түнге қарай Қызылорда қаласы маңындағы Прудхоз елді мекеніндегі Кентай жайылымындағы су басқан аумақта 2 адам масаң күйде қараңғыда адасып, мұз астына түскен. Біреуі қайтыс болды, екіншісі құтқарыды.

Жалпы облыс аймағындағы жағалау бойында қорғау дамбаларының 96 қауіпті учаскесі белгіленіп, жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, Сырдария жағалауы 56 су басу қаупі бар аймаққа бөлініп, құрамында 459 арнайы техника және 1957 адамы бар 172 жауапты мекеме бекітілді. Су тасқыны кезеңінде тұрғындарды эвакуациялау үшін 83 жинақталған эвакуациялық және 104 қабылдау бекеті дайындалды. Сондай-ақ, облыс бойынша 148 тонна жанар-жағармай, 284200 дана қап, 10400 қамыс, 3800 пашын, 3600 дана қарабура және өзге де қажетті материалдар мен құралдар әзірленді.

Басқарма мәліметіне сүйенсек, 30 желтоқсандағы жағдай бойынша Қызылорда облысында өзеннен түскен су көлемі секундына 640 текше метрді құрайды. Қызылорда су торабына түскен су көлемі секундына 530 текше метр. Солтүстік аудандарда ауа температурасының төмендеуіне байланысты Сырдария өзенінде мұз қатты, ал оңтүстік аудандарда мұз пайда болу жағдайлары анықталмады.

«Қазіргі таңда аймақта жағдай қалыпты және тұрақты бақылау жүргізіліп жатыр», - деді С.Сермағамбетов.

Соңғы жаңалықтар