Сыртқы істер министрі Е.Қазыханов Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысымен кездесті
Кездесуден соң журналистермен сұхбаттасқан Мухаммад Маруфидің айтуынша, тараптар кездесу барысында экономикалық ынтымақтастық ұйымының қызметіне қатысты маңызды деген мәселелерді талқыға салған. «Қазақстан бүгінде біздің ұйымның белсенді қатысушысы. Е.Қазыханов Экономикалық ынтымақтастық ұйымының штаб-пәтерінде болған. Бұл да Қазақстанның біздің ұйыммен ықпалдасуға деген маңызды қадамдары деуге болады. Экономикалық ынтымақтастық ұйымы аймақтық құрылым және онда Қазақстан маңызды рөл атқарады. Өйткені бұл ел шығыс пен батысты байланыстырып тұр. Сондықтан біз Қазақстанның осы мүмкіндіктерін пайдалана отырып көлік, сауда сияқты бағыттар бойынша байланыстарды жетілдіру үшін пайдаланатын боламыз»,-деді мәртебелі мейман.
Сондай-ақ ол сөзінде Сыртқы істер министріне Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Даму банкіне қосылуды ұсынған. Е.Қазыханов бұл ұсынысты орынды деп есептейтіндігін білдірген.