17:16, 23 Ақпан 2009 | GMT +5
Сыртқы істер министрінің орынбасары жұмыс сапарымен Үндістанда болды
АСТАНА. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Ақпанның 20- 21-і аралығында Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Нұрлан Ермекбаев Үндістанға жұмыс сапарымен барып қайтты.
Бұл туралы бүгін брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Сапар барысында Н.Ермекбаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨІСШК) Аға лауазымды тұлғалар комитетінің кезекті отырысына қатысты. Онда 2009-2010 жылдарға арналған АӨІСШК шараларының жоспары мен «АӨІСШК-нің дамуын зерттеу» сараптамалық материалы бекітілді. Кезекті отырыс Қытай астанасы Бейжіңде болады. Сондай-ақ Н. Ермекбаев Үндістан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Н.Равимен кездесу өткізді. Кездесуде ҚР Президенті Н.Назарбаевтің қаңтар айында Үндістанға жасаған сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру жөнінде пікір алмасылды», деп атап көрсетті Е.Ашықбаев.