17:56, 19 Қаңтар 2009 | GMT +5
Сыртқы істер министрлігі шетелге шығатын Қазақстан азаматтары үшін және елімізге келетін шетел азаматтары үшін арнайы жадынама шығарды
АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Сыртқы істер министрлігі шетелге шығатын Қазақстан азаматтары үшін және елімізге келетін шетелдік азаматтар үшін арнайы жадынама шығарды.
Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев апталық брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шетелдерге шығатын Қазақстан азаматтарына арналған жадынама қазақ және орыс тілдерінде шығарылып, онда негізінен шекаралық және кедендік бақылаудан өтуге байланысты ақпараттар толық қамтылған. Сонымен бірге, жадынама қосымшасында Қазақстанның шетелдердегі елшіліктері мен өкілдіктерінің мекен жайлары, Қазақстанның визасыз тәртіп бойынша келісімі жасалған мемлекеттердің тізімі, Астана мен Алматы қалаларында тіркелген дипломатиялық миссия тізімі қоса беріледі.
Ал Қазақстанға келетін шетелдік азаматтар үшін шығарылған жадынама орыс және ағылшын тілдерінде басылған. Онда шетелдіктердің Қазақстанда болу ережелері қамтылады. Сондай-ақ жадынаманың қосымшасында Қазақстанның бірқатар орталық мемлекеттік органдарының сенім телефондары, Қазақстанның шетелдердегі дипломатиялық миссиясының телефондары, елімізде тіркелген шетелдік елшіліктер мен консулдықтар және басқа да мәліметтер бар.