Сыртқы нарықтардың нақты айқындалмағанына қарамастан Қазақстан экономикасының оңтайлы өсімі қамтамасыз етілді - Б. Сағынтаев

Министр мырза сөзінің басын алдын ала бағам бойынша биыл еліміздің Ішкі жалпы өнімі өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 5,6 пайызға өскенінен бастады. Жыл басынан бері халықтың нақты табысы 12,8 пайызға өсті, нақты жалақы 11,5 пайызға жоғарылады. Мамырда жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайызды құрады. Осы орайда ол әлемдік экономикада және сыртқы нарықтардың нақты айқындалмағанына қарамастан, Қазақстан экономикасының оңтайлы өсімі қамтамасыз етілгенін жеткізді.
Атап айтқанда, биылғы жылдың көрсеткіштері бойынша макроэкономикалық тұрақтылық сақталып отыр. Қаңтар- маусымда инфляция 2,7 пайызды қамтыды (өткен жылы 5,1 пайыз).
Сонымен қатар, бастысы - өнеркәсіп өсімі 101,9 пайызға жетіп, өңдеу өнеркәсібі озық қарқынмен өсіп, 105,7 пайызда тұрақтанды. Ал негізгі капиталға инвестиция көлемі жыл басынан бері 5,9 пайызға өсті.
Бұдан бөлек, экономика өсіміне тұтынушылық сұраныстың артуы оңтайлы ықпал еткен екен. Яғни, бұны көтерме және бөлшек сауданың 14,3 пайызға, көлік қызметінің 7,2 пайызға, байланыс қызметінің 13,3 пайызға жоғарылауы байқатып отыр.
«Тұрғын үй құрылысының өсімі 20,8 пайызды құрағаны, бұл саланың жанданғанын көрсетуде. Құрылысқа тартылған инвестиция 134 млрд. теңгеге жетіп, 2,4 млн. шаршы метр баспана пайдалануға берілді», - деп ескертіп өтті министр.
Жалпы қаржы нарығында депозиттердің 14,8 пайызға, несиелердің 17,4 пайызға өсімі байқалуда. «Ұлттық қордың қаржысын қоса есептегенде еліміздің халықаралық резервтері жыл басынан бері 12,9 млрд. АҚШ долларына артып, 86 млрд. долларға жуық қаржыны құрады», - деді министр. Республикалық бюжеттің кірісі 2,7 трлн. теңгені құрап, 25,5 пайызға артты. Ал шығыстар 2,4 трлн. теңгеге жетіп, 19,5 пайызға өсті.
Айта кетейік, сыртқы сауда айналымы қаңтар-сәуірде 21,6 пайызға артты. Тауарлардың экспорты 18,4 пайызға, ал импорт 30 пайызға өсімді көрсетті. Сауда балансының оңтайлы сальдосы 17,4 млрд. АҚШ долларын құрады.
Б. Сағынтаевтың пайымдауынша, еліміздің индустриялық-инновациялық бағдарламасы белсенді іске асырылып жатыр. Екіншіден, ауыл шаруашылығы саласын қолдау мақсатты түрде атқарылуда.
«Фермерлердің өнімдерінің бөлшек саудасы кезінде тиімсіз қосымша буын болып табылатын алыпсатарларға тосқауыл қою мақсатында Үкімет тарапынан бөлшек сауданы мемлекеттік қолдау бойынша тұжырымдамалық қадамдар мақұлданды. Жыл соңына дейін Тұтынушы кооперацияны дамыту тұжырымдамасы әзірленеді, сондай-ақ бөлшек секторын жаңғырту бағдарламасы бойынша Жол картасы дайындалады», - деді ведомство басшысы.
Бұдан бөлек, Б. Сағынтаев бизнес климатты жақсарту бойынша алдағы атқарылатын шараларға тоқталып өтті. Осы орайда бизнесті жүргізуді, салықтық әкімшілеуді жақсартуға және салықтық рәсімдерді жеңілдетуге негіздей отырып, салық заңнамасына өзгерістер пакеті әзірленіп жатқаны белгілі болды.
Естеріңізге сала кетейік, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасына толықтырулар қабылданған еді. Осының аясында жаңадан қатарға қосылатын кәсіпкерлер үшін 1,5-30 млн. теңге көлемінде гранттар ұсынылады, сондай-ақ лизингтік келісімшарттар субсидияланып, несиені кепілдендірудің жаңа жүйесі іске асырылуда. Сонымен қатар, жалпы сомасы 60-750 млн. теңге аралығындағы несиелер бойынша 50 пайыз мөлшерінде жеке кепілдемелер ұсынылады және кәсіпкерлер үшін экспресс-кепілдемелер де қамтамасыз етіледі.
Осының нәтижесінде белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1 маусымдағы жағдай бойынша 24 пайызға артып, онда жұмыспен қамтылғандар 6,5 пайызға, өнім шығаруда 3 пайызға өсімді көрсеткен екен.
Бүгінгі форум барысында министр мырза жаңа форматта «Қол жетімді баспана - 2020» бағдарламасы әзірленгенін айта келе, онда азаматтардың түрлі категориялары үшін 6 бағыт қамтылғанын еске салып өтті. Жалпы 2020 жылға дейін 63 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, оның нәтижесінде 1 млн. отбасыға жуығы өздерінің баспаналық ахуалын жақсартады деген болжам бар. Биылдың өзінде 6 млн. шаршы тұрғын үйдің құрылысы жоспарлануда.
Ал «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 2012 жылы 342 жобаны іске асырып, қалалы жерлерде халықты орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету қол жетімділігін 84 пайызға дейін, ал ауылды жерлерде 43 пайызға дейін жеткізуге мүмкін болмақ. Министрдің сөзіне қарағанда, осы бағытта өңірлерге мақсатты трансферттер толық көлемде аударылған, енді жоспарды орындау тек әкімдерге ғана байланысты. Тағы бір жағымды жаңалық - Дүниежүзілік сауда ұйымына Қазақстанның енуі бойынша келіссөздер үдерісін 2012 жылдың соңына дейін аяқтауды көздейтін тиісті Жол картасы әзірленіп жатыр.
Халықаралық сарапшылардың пайымдауынша, Еуро аймақта қарыз дағдарысының ушығуы әлемдік экономика өсімінің тежелуін қалыптастыруы ықтимал. Сәйкесінше, мұнай және металл бағасы төмендеп, қаржы нарығында тұрақсыздық белең алуы мүмкін.
Бұл тұрғыда Үкіметтегілер әлемдегі экономикалық үдерістерге және оның Қазақстанға ықпалы бойынша тұрақты мониторинг жүргізіліп жатқандығын алға тартып отыр. Бұл тұрғыда экономикадағы өзгерістердің болуы мүмкін барлық сценариіне негізделген дағдарысқа қарсы жоспар әзірленген көрінеді. Онда экономикалық дамуды қосымша ынталандыратын барша қажетті шаралар қамтылған.