Сырым аудандық мұражайы Сыр елінен құнды жәдігерлермен толықты - БҚО

Кіші жүз қазақтары ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Сырым Датұлының баласы Қазы, одан туған Құсайын, одан Ғұбайдулла, Ғұбайдулладан Хадиша тараған. Хадиша отағасы Әбибулламен отыз үш жыл отасқан. Отағасы мен Хадиша әжеден Орынбасар, Әбжан, Үмбет, Дәулет, Алтынбек атты арыстай бес ұл тараған.
Міне, осы ұрпақтарының бірі Үмбет үлкен азаматтық танытып, Сыр елінен анасы Хадиша тұтынған бұйымдарды аудандық мұражай қорына жіберген. Сонымен Сыр елінен Хадиша әже тұтынған үш білезік, салы орамал, түкті кілем, кежім алаша, ұршықтың дөңгелек басы, кілем тоқпақ Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану мұражайының төріндегі көрмеден орын алды.
-Мұражайға жеткізілген бұл жиһаздар халықтың көзайымына айналып, тарих парақтарынан сыр шертпек. Аталарымыз бен аналарымыздың ұрпақтары аманаттаған жәдігерлерді бүгінде сырымдықтар қызықтап, тамашалауда,- дейді Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану мұражайының меңгерушісі Гүлшат Сәлімгереева.