Сырым Шәріпханов: Жылыту маусымына дейін пештер мен мұржаларды тазалау керек

АСТАНА. ҚазАқпарат – Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Абай облысы тұрғындарымен кездесуінде жылыту маусымы алдындағы өрт қауіпсіздігі шаралары жөнінде айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сырым Шәріпханов: Жылыту маусымына дейін пештер мен мұржаларды тазалау керек

«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жергілікті тұрғындарды жылыту маусымына дейін пештер мен мұржаларды тазалауға шақырамын. Сонымен қатар, қазандықтарды жылыту кезеңіне дайындау шараларын аяқтау қажеттігіне жергілікті атқарушы органдардың назарын аударғым келеді», - деді ол.

Министр атап өткендей, жылу беру кезеңінде министрліктің басты міндеті – тұрғын үй секторында өлім-жітімнің өсуіне жол бермеу. Жүргізілген профилактикалық жұмыстар нәтижесінде тұрғын үй секторында қаза тапқандар саны республика бойынша 6%-ға азайды. Абай облысында да қайғылы жағдайдың жиі болуына жол берілмеді.

Сонымен бірге, Сырым Шәріпханов азаматтардың қаза болуының негізгі себептеріне жеке тоқталды: бұл - отты абайсыз пайдалану, мас күйінде төсекте темекі шегу, электр аспаптары мен пештерді, сондай-ақ газ баллондарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу.

«Бірлескен рейд жүргізу кезінде халықтың әлеуметтік осал санаты анықталады. Жергілікті атқарушы органдар оларды есепке алады. Облыс бойынша осы санаттағы 7 мыңнан астам отбасы бар. Оларға көмір сатып алуға, пештерді, жылыту жүйелерін жөндеуге атаулы көмек көрсетіледі және біздің ұсынысымызбен өрт датчиктері орнатылады. Мәселен, өңірде 750-ден астам датчик орнатылған. Алдағы жылыту кезеңінде тағы мыңнан астам үйге орнатылады», - деді спикер.

Биыл республика бойынша 30 мыңнан астам үй табиғи газ, көміртегі тотығы және түтін датчиктерімен жабдықталған. Олардың жұмысы Астана қаласында, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қызылорда облыстарында 27 адамды ажалдан арашалап қалды.