СЫЙЛЫ ҚОНАҚҚА ТӨСЕЛГЕН СЫРМАҚ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Киізден жасалатын қолөнер бұйымдарының бірі - сырмақ. Оны сыйлы қонақ келгенде немесе ұлан-асыр той кезінде төрге төсеген. Іргеге ілінетін сырмақтар да қазақ даласында кеңінен тараған.
None
None

Сырмақ - арнайы биязы жүннен басылған жұқа киізге басқа түсті киізден немесе матадан ою-өрнек сырып, астар салынып тігілген бұйым. Сырып тігу деп арасын жиілетіп бастырып тігуді айтады. Сырып тігудің өзінің қайып сыру, тепшіп сыру және қабып сыру деген үш түрі бар. Сондықтан, бұйымның атының өзі сол жасалу жолына орай (сыру - сырмақ) қойылған деуге негіз бар. Сырмақ жасалуына қарай өрнекті, бастырмалы, жіппен әдіптелген деген сияқты бірнеше түрге бөлінеді.

Ою-өрнекті сырмақтар негізінен түкті кілем тоқу өнері онша дамымаған Сарыарқа жерінде, Алтайдың батыс аймақтарында кең тараған. Әдетте киіздің әртүрлі түсті екі бөлігін бірінің үстіне бірін қойып, оюды қайшымен қиып алады. Сосын сол өрнектiң екi жақ шетiн бiрдей жиектей келiп, ортасын сырады. Одан соң ақ жүнге қара, не қоңыр, я болмаса керiсiнше қоңыр түске ақ жүн қапсырылады. Сонда сырмақтың өрнектелген бетiнде екi түрлi үйлесiмдi түс пайда болады. Бiрiнiң үстiне бiрi салынған жүндердi қабыстыра келiп, астындағы киiздiң бетiне салады да, оны жиiлеп сырып тігеді. Әрине, ол салынған ою-өрнекпен жиектелiп, бiрге сырылады. Түрлi-түстi жүндердiң қосылған тұсындағы тұйық желiсiне бояулы жiп тiгiледi. Егер текеметтерде көбiнесе жануардың болмысын ойға салатындай оюлар қолданылса, сырмақтарда өсiмдiк нышандарын бейнелеу басым. Сырмақтың орталық алаңы бар, ол өрнектермен бөлiнедi де, көбiнесе ешкi жүнiмен шашақталып, әдiптеледi. Ортадағы оюлар мен шетіндегі өрнектер бір-бірін қайталамауы тиіс. Сырмақ сырылады, жиектеледі, астарланады. Ал, бастырмалы сырмақ дегеніміз бетіне сәтен, пүліш, барқыт, мақпал, мауыты секілді маталардан өрнек салынған сырмақтар. Кейде жұқа киіз бетіне түгел аң терісін тұтастай жапсырып тігу дәстүрі де болған. Ондай сырмақтар дәулетті кісілердің үйінде құрметті қонақтың астына төселген. Қарағанды, Ақмола, Павлодар аймақтарында бітпес атты сырмақ түрі жиі ұшырасады. Мұнда киізге өрнектер арнайы жібек жіптің көмегімен салынады. Ол жіппен қалаған өрнегіңді қалағаныңша иіп, барынша дәл салуға болады. Бітпесте негізінен қошқар мүйіз, қос мүйіз және сыңар мүйіз оюлары жиі бедерленген. Шығыс Қазақстан өңірінде қомша, қалауыш, әбдіре жапқыш секілді шағын ғана сырмақтар кездеседі. Олардың әбдіре немесе төсектен салбырап тұратын жиегіне шашақ тігілген. Ою-өрнекті киізге басып тігу оны мезгілінен бұрын тозудан сақтайды. Сапалы жасалған сырмақ 50 жылға дейін шыдас береді. Қазақ әйелдері сырмақтың киіз үйдің қай тұсына төселетініне дейін алдын ала өлшеп-пішіп алған. Соған байланысты сырмақтар өзінің көлеміне, қолданылу мақсатына қарай төр сырмақ, төсек сырмақ, от киіз, от сырмақ, төрткүл сырмақ, үлкен сырмақ, шай сырмақ, жамбас сырмақ, тері сырмақ, тері бөстек деген түрлі атауларға ие болған. Қолөнер шебері Нәзипа Омарханқызының айтуынша, сырмақтағы өрнектер белгілі бір мағынаға ие. «Сәндік бұйымда көне заманнан байлықты, барлықты білдіретін мүйіз текті оюлардың барлық түрі кеңінен қолданылған. Оюларды орналастыру реті бұрыннан келе жатқан ой-санадағы наным-сенімге байланысты болып келеді. Мәселен, сырмақтың орталық бөлігін жиек оюлармен қоршау - отбасын, өзі өмір сүрген ортаны сыртқы жаман күштерден, күйреуден сақтау, оны қорғау ниетінен туған шешім».

Жанат Қапалбаева

Соңғы жаңалықтар