Сіз келгелі ит те, қоқыс та қаптады, жарық та жоқ — Алматыдағы аудан тұрғыны Ерболат Досаевқа талап қойды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыға Ерболат Досаев әкім болып келгелі қалада әртүрлі мәселе көбейген. Бұл туралы Ерболат Досаевтың Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде Нұрлан есімді қала тұрғыны айтты.

Тұрғынның айтуынша, мәселелер азайғанның орнына, көбейіп келеді.
«Мәселелердің шешіліп жатқанын көрмеппін. Мен «Пятилетка» шағын ауданында тұрамын. Онда, міне, 6 ай болды, екі кәріз құдығының қақпағы жабылмай жатыр. Бұл жерде сіз қызметкерлеріңізді не жұмыс істете алмайсыз, не олар жұмыс істемейді. Егер оларға жұмыс істете алмасаңыз, орныңызды босатыңыз. Сіз келгелі ит те қаптады, қоқыс та қаптады, жарық та жоқ, қысқасы тәртіпсіздік белең алып бара жатыр. Жұмыс істету керек. Көп нәрсе сіздің құзыретіңізде ғой», - деді қала тұрғыны.
Өз кезегінде Ерболат Досаев Түрксіб ауданында көп жұмыс жүріп жатқанын атап өтті.
«Рас, бір жерде үлгереміз, бір жерде үлгермейміз. Бірақ бұл өмір ғой. Бір жерде жұмыскерлерім дұрыс жұмыс істемейді. Бірақ Түрксіб ауданында көп өзгеріс болып жатыр. Қызметшілердің өз жұмыстарын дұрыс орындауын мұқият бақылауға аламыз», - деді Ерболат Досаев.
Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаров «Пятилетка» шағын ауданы бойынша екі жоба іске асып жатқанын айтты.
«Бұл «АЛВИС» компаниясының кәрізді сумен жабдықтау және су бұру жүйесін салу жұмыстары. Деповская көшесінде жаңбыр кәрізі бойынша жұмыстар жасалды, алайда, онда кәріз қақпақтары көп ұрланады. Бұл мәселені бізге Нұрлан мырза айтқан, ұрланған қақпақтардың орнына басқа қақпақтарды қойғанбыз, алайда олар да қолды болды. Сондықтан бұл мәселе бойынша полиция және Экология басқармасымен бірлесіп жұмыс жүргіземіз», - деді аудан әкімі.
Ерболат Досаев аталған мәселе мен басқа да қылмыстардың алдын алу үшін ауданға биыл шамамен 600 бақылау бейне камерасын қою жоспарда бар екенін айтты. Сондай-ақ, шағым айтқан тұрғынның көшесіне де арнайы бейнебақылау камерасы қойылып, аталған кәріз құдықтарының қақпақтары дәнекерленіп, ешкім алмастай жабылатынын айтты.
Қала тұрғыны одан бөлек ауданда есірткіні жасырып кетушілердің саны өскенін айтты.
Ерболат Досаев Түрксіб аудандық полиция басқармасының бастығына бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіп, мәселені бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ, есірткі жасырушылар жүретін көшелерді анықтап, бақылау бейне камераларын орнату қажеттігін жеткізді.