Табиғат көркіне нұқсан келмесін: баянауылдық жастар туристерді тазалыққа шақырды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Баянауыл жерінде республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалық шаралары жалғасын тауып жатыр. Жергілікті белсенді жастар мен аудандық қоғамдық кеңестің ұйымдастыруымен, сондай-ақ Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қолдауымен Сабындыкөл маңайы ретке келтірілді.

Табиғат көркіне нұқсан келмесін: баянауылдық жастар туристерді тазалыққа шақыруда
Фото: Баянауыл ауданының әкімдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының ерекше маңызы туралы үнемі айтып келеді. Акция мақсаты — табиғатқа қамқорлық жасау мәдениетін қалыптастыру және елдегі экологиялық жағдайды жақсарту. Бұл бастама қазақстандықтарды біріктіріп, оларды туған табиғатқа қамқорлық жасау идеясының төңірегінде біріктіре алды. Президент айтқандай, ойдың да, бойдың да, қоршаған ортаның да тазалығын сақтау — әр адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші. Сондықтан тазалық халқымыздың болмысына сіңген қасиет болуы қажет.

Табиғат көркіне нұқсан келмесін: баянауылдық жастар туристерді тазалыққа шақыруда
Фото: Баянауыл ауданының әкімдігі

— Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл — бір күндік науқан емес. Бұл — біздің өмір салтымыз. «Жас келсе — іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз — осы, — деген еді Мемлекет басшысы.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясын Ертіс-Баян өңірінің жұртшылығы белсенді түрде қолдап отыр. Жергілікті кәсіпкерлер мен ірі өндіріс орындары абаттандыру және санитариялық тазарту жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Кәсіпорындар «жасыл аймақтардағы» көшеттердің санын көбейте түскен. Ал ауыл-аудандар өз аумақтарын ретке келтіріп, күл-қоқыстан арылтып жатыр.

Мәселен, тазалық шаралары Баянауыл ауданында тұрақты жүргізіліп келе жатыр. Кезекті тазалық шаралары бүгін де ұйымдастырылды. Баянауыл ауданындағы белсенді жастар мен аудандық қоғамдық кеңестің ұйымдастыруымен, сондай-ақ Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қолдауымен өткен «Көркем Баянауыл» атты санитарлық іс-шара барысында қатысушылар Сабындыкөл жағажайын қоқыстан тазартты. Шара барысында жастар мен қоғамдық кеңес мүшелері жұдырықша жұмылды. Ұйымдастырушылар атап өткендей, шараның басты мақсаты — қоршаған ортаны таза ұстау, табиғаттың сұлу бейнесін сақтау және аудан тұрғындары мен қонақтарын табиғатымызды ластамауға шақыру.

Табиғат көркіне нұқсан келмесін: баянауылдық жастар туристерді тазалыққа шақыруда
Фото: Баянауыл ауданының әкімдігі

— Құрметті жерлестер мен қонақтар! Біздің әсем табиғатымызды сақтау — бәріміздің міндетіміз. Таза жерде жүрген адамның жаны да, ісі де таза болады. Сондықтан тынығу орындарында, табиғат аясында айналаға қамқорлықпен қарап, қоқысты кез келген жерге тастап кетпеулеріңізді сұраймыз. Табиғат ананың бізге берген байлығын келер ұрпаққа аман-сау жеткізуіміз керек, — дейді аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Аспанбек Ағымбеков.

Мәлімет ретінде атап өтейік, өткен жылы Баянауыл аумағында 161 мыңнан астам турист тыныққан. Ұлттық парк басшылығы демалушылар саны биыл еселене түсетінін болжап отыр. Ендеше рекреациялық аймаққа түсетін жүктеме одан сайын ауырлай беретіні анық. Сондықтан туристердің назарын тазалық мәселесіне аудару маңызды.

Көп адамдар «Таза Қазақстан» бұл — әдеттегі сенбілік өткізу деп ойлайтыны рас. Дейтұрғанмен бұл акцияның мәні тереңде, ол біздің замандастарымызды экологиялық тұрғыдан тәрбиелеп, қоршаған орта жайлы білімін жетілдіреді. Баянауыл жастар орталығы экологиялық топ құрып, көпшілік орындарды, үй аулаларын, табиғат аумақтарын, көшелерді тазалап жүр.

Табиғат көркіне нұқсан келмесін: баянауылдық жастар туристерді тазалыққа шақыруда
Фото: Баянауыл ауданының әкімдігі

— Баянауыл жастары ұдайы белсенді. «Таза Қазақстан» акциясы бойынша санитарлық тазалау шараларын бұл жолы Сабындыкөл маңайында жүргіздік. 30-40 қаптай қоқыс шығарылды. Негізі Сабындыкөл жағасының біраз бөлігі ұлттық паркке, қалғаны әкімдікке қарайды. Бірақ біз аумақты бөліп-жармай көл маңайындағы барлық жерді, тау-тасты тазартып жатырмыз. Келімді-кетімді адамдар тамақ қалдықтарын, тұрмыстық заттарды лақтырып кетеді. Бұдан табиғатқа қаншама зиян келеді. Кейде шыны құтылардың сынықтарынан, темкі тұқылынан өрт те шығатын жағдайлар кездеседі. Табиғат – таусылмайтын байлық емес. Жұмысымыз мұнымен шектелмейді. Мектеп оқушыларын тартып, іс-шараларымызға жұмылдырып жатырмыз. Өскелең ұрпақ қоршаған ортаны қорғауға қазірден үйренулері керек. Алдағы уақытта «Кемпіртас» табиғи ескерткішіне, «Қоңыр әулие» үңгіріне, «Сарыадыр» қойнауына барып, тазалық жүргіземіз, — дейді аудандық жастар орталығының директоры Ренат Ильдин.

Халқымыз ежелден табиғатқа, өз үйінің және айналасының таза болуына ұқыпты қараған. Елімізде осы игі дәстүрлерді жаңғыртуға арналған «Таза Қазақстан» акциясы өтіп жатқаны қуантады. Осындай бірлескен іс-қимылымыздың нәтижесінде біз айналамызды үнемі мұнтаздай таза етіп ұстай аламыз.

Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» аясында студенттер Баянауыл ұлттық паркіндегі көлдерді қоқыстан тазартты

Соңғы жаңалықтар