Табиғат пайдаланушылар Балқаш көліндегі балық ресурстарын тиімсіз және тұтынушылық көзқараспен пайдалануда - Қарағандылық табиғат қорғау прокуратурасы
«Балқаш-Алакөл алабы облысаралық балық шаруашылығы инспекциясы» мемлекеттік мекемесін тексеру барысында Қарағанды облысында Балқаш көлінің аумағында табиғат пайдаланушылар ғылыми-зерттеулер жүргізу үшін қаржы бөлмей, балық шаруашылығының жай-күйін бағалау турасында өз міндеттерін орындамағандығы анықталды. Бірінші кезекте конкурс шарттарында бұл балық шаруашылықтарына бекітілген су айдындарындағы ғылыми жұмыстардың нақты құны есепке алынбай, балық шаруашылығы кәсіпорындары жоспарлағаннан қымбат болып шыққан», - делінген Қарағандылық табиғат қорғау прокуратурасының хабарламасында.
Ең өкініштісі, табиғат пайдаланушылар балықтардың өсіп-өнуі үшін қорын молайту шараларын Балқаш көлінде емес, Қапшағай су қоймасында жүзеге асырады, - деп атап өтті табиғатты қорғау прокурорлары. Ихтиологиялық инспекцияның есепті мәліметтері бойынша жыл сайын Балқаш көліндегі бағалы балық тұқымы - сазанның өсіп-өнуі азайып отырғаны байқалады.
«Балықтардың басқа түрлері шабақтарының да азайып отырғаны атап өтілген. Өйткені уылдырық шашу кезінде су деңгейінің төмендеп кетуіне байланысты табиғи өсуіне мүмкіндік болмаған», - дейді табиғатты қорғау прокурорлары. Олардың пікірінше, балықтарды өсіріп-өндіру шараларына қаралған қаржы мардымсыз, орта есеппен бір кәсіпшілік учаскесіне 10 000-нан 25 000 теңгеге дейін ғана қаржы бөлінеді. Соған қарамастан балық аулау квотасы жүз пайыз игеріліп отыр.
«Бұл фактілер табиғат пайдаланушылар Балқаш көлінің балық ресурстарына қалай-солай, немкетті қарап отырғанын көрсетеді» - деп мәлімдеді табиғат қорғау прокурорлары.
Қарағандылық табиғатты қорғау прокуратурасы «Балқаш-Алакөл алабы облысаралық балық шаруашылық инспекциясы» мемлекеттік мекемесін тексеру нәтижесі бойынша анықталған заң бұзушылықты жою жөнінде ұйғарым шығарды.