Табиғатқа зиян келтірген адам оны өз есебінен өтеуге міндетті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда қоршаған ортаны ластаған тұлға келтірілген экологиялық залалды өз есебінен жоюға міндетті. Экологиялық кодексте бекітілген «ластаушы төлейді» қағидаты айыппұлмен шектелмей, табиғатты қалпына келтіру жауапкершілігін де көздейді. Бұл туралы Экология министрлігі мәлім етті.

Табиғатқа зиян келтірген адам оны өз есебінен өтеуге міндетті
Фото: Kazinform\ЖИ

Кәсіпорынның қызметінен топырақ ластанса, өзенге немесе өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне зиян келсе, оның салдарын кім жоюы керек? Қазақстан заңнамасына сәйкес, экологиялық залал келтірген тұлға оны өз есебінен жоюға міндетті. Бұл талап Экологиялық кодексте бекітілген «ластаушы төлейді» қағидатына негізделген.

«Ластаушы төлейді» қағидаты нені білдіреді?

Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 136-бабына сәйкес, экологиялық залал келтірген тұлға бүлінген табиғи орта құрамдастарын өз қаражаты есебінен толық көлемде қалпына келтіруге міндетті.

Яғни жауапкершілік тек айыппұл төлеумен шектелмейді. Кінәлі тұлға келтірілген экологиялық залалды жоюға бағытталған қажетті шараларды да қабылдауы керек.

Нені білу маңызды?

Айыппұл төлеу залалды жою міндетінен босатпайды. Экологиялық залал келтірген тұлға әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылғанның өзінде, заңда көзделген азаматтық-құқықтық жауапкершілігінен босатылмайды.

Табиғи ортаны қалпына келтіру қажет. Экологиялық залалды жою кезінде бүлінген табиғи орта құрамдастарын қалпына келтіруге бағытталған шаралар қабылданады. Мұның мақсаты — келтірілген зиянның салдарын жою және табиғи ортаның жағдайын қалпына келтіру.

Залалдың сипаты мен көлемі анықталуы тиіс. Экологиялық кодекстің 131-бабында экологиялық залалдың белгілері айқындалған. Атап айтқанда, табиғи орта жағдайының тікелей немесе жанама түрде өлшенетін жағымсыз өзгеруі не оның пайдалы қасиеттерінің нашарлауы ескеріледі. Залалды жою міндетін қолдану үшін заңда белгіленген негіздер мен тиісті мән-жайлар анықталуы қажет.

Заң не дейді?

Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіндегі «ластаушы төлейді» қағидаты қоршаған ортаны ластаудың алдын алуды ғана емес, келтірілген экологиялық залалды жоюға жұмсалатын шығынды жауапты тұлғаның көтеруін де көздейді.

Демек, табиғатқа келтірілген экологиялық залал назардан тыс қалмауы керек. Заңда белгіленген жағдайларда оны жою және бүлінген табиғи ортаны қалпына келтіру міндеті залал келтірген тұлғаға жүктеледі.

Еске сала кетейік, жақында Маңғыстауда «Eco-Mangistau» ЖШС аумағында 2019–2023 жылдары 17,7 мың тоннадан астам өндірістік қалдықтың жер астына заңсыз көмілгені анықталды. Компанияға жалпы сомасы 1,73 млн теңге айыппұл салынды.