Табиғатта қандаланың 40 мыңнан астам түрі бар

қандала
Фото: Midjourney

Жаңа жиһаз бен Second Hand дүкендерінен алынған киімдер қандаланың пайда болуына себеп болуы мүмкін. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен дезинфекция орталығының сарапшы-эпидемиологтары айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Мамандардың айтуынша, адам қанымен қоректенетін қандаланың табиғатта 40 мыңнан астам түрі бар. Қазақстанда оның 1 500-ін кездестіруге болады. 

«Адамдар үй қандаласына таланып жатқанын айтып, дизенфекция орталықтарына жиі шағымданады. Бұл жәндіктер түнгі уақытта белсенді болады. Сондай-ақ 4 айға дейін өмір сүреді және тек адам бар жерде жүреді. Қандалалар қырық күн ішінде дамиды, бір уақытта үш жүзге дейін жұмыртқа салады. Олар үшін қолайлы орта - ескі ағаш жиһаз. Сондай-ақ еден жарықтарында, плинтус артында мекен етеді. Қандалалар үшін қолайсыз орта - жаңа бетон монолитті үйлер, бірақ адам жүрген жердің бәрі қандаланың жаңа ортаға бейімделуі үшін жеткілікті. Апта сайын орталыққа қала тұрғындарынан 1-2 өтінім келіп түседі, олар жәндіктердің жаңа жиһаз немесе Second Hand дүкенінен киім сатып алғанын кейін пайда болғанын жиі айтады», - деді Алматы қаласы бойынша Дезинфекция орталығы директорының орынбасары Вахит Сейдуалиев.

Спикер сонымен қатар бөлмені дезинсекциялық жұмыстарға дайындау бойынша ұсыныстарымен бөлісті. 

«Қандалаға қарсы өңдеу кезінде бірінші кезекте қоқысты жою керек. Ең алдымен, жиһаз артқа тартылады, ыңғайлы және кедергісіз өңдеу үшін - барлық беткі қабаттар мен саңылаулар дезинсекция жүргізуге қолжетімді болуы тиіс. Азық-түлік, ыдыс пен киімді алып тастаған жөн. Төсек-орынды қағып, сілкіп, далада кептіріп алған абзал. Өңдеу жүргізу кезінде үй ішінде ешкім болмауы керек. Дезинфекция жүргізілгеннен кейін бір күн өткен соң қандалалар өледі. Алдын алу мақсатында бір айдан кейін аталған үй-жайға дезинсекциялық өңдеуді қайталаған жөн», - деді ол.

Алматы қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гауһар Қаткенова өңдеу және дезинсекциялық жұмыс жүргізетін компанияны таңдағанда неге мән беру керектігін айтты.

«Өңдеу және дезинсекциялық жұмыс жүргізетін компанияны таңдағанда, ең алдымен, бұл нарықта бар-жоғын ескеру қажет. Екіншіден, оқудан өткені туралы куәліктері бар тәжірибелі мамандардың болуы шарт. Үшіншісі, мамандар өз жұмысында қолданатын жабдықтар мен препараттарға назар аударған дұрыс. Дезинфекция, дезинсекция, дератизация қызметтері бәсекелестік ортада. Алматы қаласының аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының бақылауында 36 сақтау нысаны және дезинфекция, дезинсекция, дератизация құралдары мен препараттарын дайындау, өндіру, өткізу бойынша 24 нысан бар», - деп атап өтті Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары. 

Соңғы жаңалықтар