Табиғаттың тосын мінезінен Катонқарағайда ағаштар қопарылып жатыр

Шығыс Қазақстан облысы Катонқарай ауданындағы ұлттық паркте екі күн тоқтаусыз жауған қар аралас жаңбырдан ағаштар сынып, тамырымен қопарылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

катонқарағай
Фото: видеодан кадр

Қыркүйек айының 25-26 күндері облыста қар жауған. Оның ішінде Катонқарағай ұлттық паркінде екі күн бойы қар аралас жаңбыр жауды.

«Соның салдарынан жапырақтары әлі түсіп үлгермеген қайың, көктерек ағаштары жаппай зақымданып, бел ортасынан сынып, тамырымен қопарылды. Қазіргі уақытта құлаған, сынған ағаштардан жолдарды ашу және есепке алу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады ұлттық парктен.

Еске салсақ, осыған дейін Марқакөлде екі күн қар жауып, оның қалыңдығы 30 см жеткен болатын.

Бұл өңірдегі алғашқы қар емес. Тамыз айының ортасында Катонқарағай ауданындағы Алтай тауының ең биік нүктесі Мұзтау шыңына қар түскен болатын.

Соңғы жаңалықтар