Табиғи апаттан қорғану іс-қимылдарын қайта қарау керек - депутат
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытжан Базарбек жерасты қазынаны өндіріп жатқан өңірлерде зілзала қаупі жоғары екенін айтты.
«Зілзала – айтып келмейтін апат. Сондықтан біздің ел оған дайын ба?! Біле білсеңіздер, бұл үлкен адам шығынына әкелетін қауіп-қатер. Сондықтан оған әркез сақадай сай дайын болған жөн. Бұған кеше Алматыда болған жағдайды мысал ретінде айтуға болады. Алматылықтар орын алуы мүмкін жерасты дүмпуі туралы хабарлама алмады. Тұрғындар басында әбігерге түсті. Бойын үрей билеген халық жапатармағай сыртқа ұмтылды. Тіпті, көпқабатты үйлердің терезесінен секіруге дейін барды. Көліктерімен қала сыртына шығып кетпек болғандарда есеп жоқ. Оның соңы ұзынсонар кептеліске ұласты. Бұл – еліміздің ең үлкен қаласы, жан-жақты дамыған, инфрақұрылымы мықты Алматыдағы жағдай.
Абырой болғанда, ғимараттар құламады, адам шығыны жоқ. Десе де, мұндай жағдайдың қайталанбасына кім кепіл?! Әсіресе, еліміздің таулы аймақтарында, жерасты қазынаны өндіріп жатқан өндірісті өңірлерде зілзала қаупі жоғары», - деді Б. Базарбек Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Оның пайымынша, Төтенше жағдай министрлігі мен басқа да тиісті мекемелердің зілзаладан қорғану бойынша жұмыстарын мұқият қайта қараған жөн. Сонымен бірге, тұрғындар арасында да зілзаладан қорғану шаралары бойынша оқу-жаттығу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу керек.
«Фейк ақпараттарға сенгіш халықты қорқыныш биледі. Барлық жағдай да өтірік ақпарат тез тарап кететіні бар. Азаматтар тек ресми ақпаратты ала білуі қажет, әрбір тараған материалды жан-жақты тексеруіміз керек. Сол үшін, бізде апатқа дайын болатындай мәдениет қалыптасуы тиіс», - деді депутат.
Оның айтуынша, жердің тектоникалық қырлары жатқан аймақтарда, сондай-ақ топырақ көшкіні қаупі бар аумақта жер учаскелерін беруге заңнамалық тыйым салуды енгізу керек.