Табиғи монополия субъектілерінің инвестициялық міндеттемелерді орындауына кешенді тексеру жүргізіледі
АСТАНА. KAZINFORM - 2026 жылдың екінші тоқсанынан бастап тарифтерді көтеру инфляцияның таргеттелген деңгейімен байланысты теңдестірілген түрде жүзеге асырылады. Бұл туралы Үкімет отырысында макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын таныстырған Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.
- Инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешені тұтынушылық кредиттеудің өсуін тежеуге бағытталған ақша-кредит және макропруденциалдық саясат шараларымен толықтырылады. Мұның бәрі инфляцияны тұрақтандыруға және бәсеңдетуге ықпал етеді. 2026 жылдың 1 тоқсанының соңына дейін барлық тұтынушы топтары үшін коммуналдық тарифтердің өсуі тоқтатылды. Тарифтерді көтеруге мораторий қолданылу кезеңінде табиғи монополия субъектілерінің инвестициялық міндеттемелерді орындауына кешенді тексеру жүргізіледі, - деді вице-премьер.
Оның айтуынша, 2026 жылдың екінші тоқсанынан бастап тарифтерді көтеру инфляцияның таргеттелген деңгейімен байланысты теңдестірілген түрде жүзеге асырылады.
- Халықтың осал топтары үшін атаулылық бағытын күшейтіп және оны аса мұқтаж санаттарға көрсете отырып, тұрғын үй көмегін көрсету тетігі сақталады. 2026-2028 жылдары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту бойынша 30 мың шақырым инженерлік желілерді жөндеу үшін шамамен 3 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Табиғи монополиялар субъектілері қызметтеріне тарифтердің инфляцияға жыл сайынғы салымы 1,0 пайыздық тармақтан аспайды, - деді Серік Жұманғарин.
Айта кетейік, Министрлер кабинетінің мүшелері халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын талқыға салып жатыр.