Табиғи монополиялар саласы азаматтық бастамаларды белсенді түрде қолдауды талап етеді

АСТАНА. 18 наурыз. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Н. Назарбаев былтырғы «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «тұтынушылар үшін сот шешімдерін қабылдаудың көпдеңгейлі жүйесін алып тастап, олардың құқығын қорғаудың жаңа жүйесін әзірлеп шығу керек» деген тапсырма жүктеген болатын.
None
None

Ал бұл бағыттағы тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін монополиялық секторды мемлекеттік реттеу жүйесін дамыту Табиғи монополияларды реттеу агенттігі қызметінің негізгі және басты бағытының бірі болып табылады.

Агенттік инфрақұрылымдық реттеуші ретінде 1194 табиғи монополия субъектісінің қызметін тарифтік және техникалық реттеу және 130-ға жуық доминант субъектіге қатысты баға белгілеу функциясын жүзеге асырады. Сонымен қатар, экономиканы дамыту қарқынын қамтамасыз ету, сол арқылы азаматтар өмірінің сапасын жақсарту үшін Табиғи монополияларды реттеу агенттігі тарифтік саясаттың үш негізгі бағытын жүзеге асырады. Олар: тұтынушылар құқығын қорғау, реттелетін секторды жаңа әдістер арқылы жаңғырту, сонымен қатар, «жасыл» экономикаға көшу және ЭКСПО-2017-ге дайындалу. Осы жұмыстардың атқарылу барысы мен болашақ жоспарлары туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында аталмыш агенттіктің төрағасы Мұрат Оспанов баяндаған болатын.

Әлбетте тарифтік саясат пен тұтынушылар құқығын қорғау саясаты экономиканың да, әлеуметтік саланың да маңызды мәселесі болып табылады. Өйткені, осынау маңызды сала, сайып келгенде еліміздің әрбір азаматының мүддесін қозғайтыны айқын. Сондықтан да, Үкімет сағаты барысында Мәжіліс депутаттары сайлаушылар ұдайы көтеретін сапалы ауыз сумен, жылумен, электрмен қамтуға байланысты мәселе көтерді. Атап айтқанда, Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында мемлекеттік органдар қабылдайтын шаралардың тиімділігіне келеңсіз әсер ететін кейбір жағдайлардың бар екенін тілге тиек еткен болатын.

Депутаттың айтуынша, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманың сақталуын әртүрлі мемлекеттік органдар, яғни Бәсекелестікті қорғау агенттігі, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі, Мемлекеттік энергетикалық қадағалау комитеті, Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті және басқалар бақылайды. Алайда, осы саладағы ахуалды талдау нәтижесі жоғарыда аталған органдар арасында қажетті өзара іс-қимылдың жоқ екенін, тұтынушылардың мүддесін қорғау жөніндегі кешенді мәселелерді шешуге бағытталған бірлескен жүйелі іс-әрекет жасалмайтынын көрсеткен. Бұл ретте депутат С.Әйімбетов тұтынушылар мен қоғамдық ұйымдардың міндетті түрде қатысуымен барлық мемлекеттік бақылау органдары арасында тиімді өзара іс-қимыл болғанда ғана тұтынушылардың мүдделері нақты қорғалатынын алға тартады.

Соған орай, депутат тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдірудің бірқатар мәселесіне назар аударады.

«Біріншіден, бүгінгі таңда халықтың барлық тобына қатысты өмірлік маңызы бар мәселелердің бірі - коммуналдық қызмет көрсету тарифтерінің ұдайы өсуі. Әрине, осыған орай тұтынушыларда мынадай заңды сұрақтар туындайды: тарифтерді қалыптастыру процесі бүкпесіз ашық жүргізіле ме? Тарифтің өсуінен түсетін қаражаттың нысаналы пайдаланылуы бақылана ма? Осы тариф қалай және кімнің пайдасына қалыптастырылады? Мемлекет басшысы өз Жолдауында «бізге қоғамдық бақылауды, жергілікті жерлердегі ахуалға азаматтардың ықпалын күшейту керек» деп ерекше атап өтті. Табиғи монополиялар саласы - азаматтық бастамаларды белсенді түрде қолдауды талап ететін сала. Өйткені табиғи монополия субъектілері ең қажетті қызметтерді көрсететіндіктен, ол азаматтық бақылаудың тұрақты әрі жіті назарында болуға тиіс», - дейді С. Әйімбетов. Оның айтуынша, бұл ретте тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында табиғи монополия субъектілерінің барлық міндеттемелерін, әсіресе инвестициялық міндеттемелерін орындауын, коммуналдық тарифтердің қалыптасуын, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау үшін үкіметтік емес ұйымдарды, ең дұрысы, тұрғындарды белсенді түрде тарту қажет.

Депутат назар аударған екінші мәселе - электр энергиясы мен судың нормадан тыс шығындарын жойып, олардың нормативтік шығындарын оңтайландыруға байланысты жұмысты күшейту. Тоқтала кететін жайт, агенттіктің мәліметтері бойынша, өткен жылдармен салыстырғанда 2012 жылы нормативтік техникалық шығындардың жыл сайын азаю үрдісі байқалып отыр. Алайда, осыған қарамастан, 2012 жылы нормативтік шығындардың азаюынан үнемделген қаражат ұлғаюдың орнына, керісінше төмендеп кеткен. Мәселен, 2011 жылы судан үнемделген қаражат 633 млн. теңге болса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 12 есе төмендеп, 54,2 млн. теңгені құраған.

«Электр энергиясы бойынша да осындай мысал келтіруге болады. Айталық, 2011 жылы үнемделген қаражат 703 млн. теңге болса, 2012 жылы небары 444,6 млн. теңгені құраған, бұл ретте төмендеу үрдісі байқалады, яғни ол 1,6 есе азайған. Осыған орай, жыл сайын нормативтік техникалық шығындар азайып, нормативтен тыс шығындар кезең-кезеңімен жойылғанның өзінде су мен электр энергиясын үнемдеу неге артпай отыр?», деген заңды сұрақ туындайды», - дейді С. Әйімбетов.

Үшінші бір мәселе - жаңа жылу трассалары мен су, энергетика желілерін іске қосу үшін осы секторға инвестиция тарта отырып, табиғи ресурстарды сақтауға мүмкіндік беретін қазіргі заманғы энергия үнемдейтін және инновациялық технологияларды пайдалану. Елдік даму алдына «жасыл экономикаға» көшу міндеті қойылғаны белгілі. Сондықтан да, аталған бағыттың маңызы күн сайын арта түспек. Алайда, дәл осы инвестициялау мәселесінде олқылықтар туралы жиі айтылатыны да жасырын емес. Депутаттар да осыған назар аударады. «Монополистердің пікірі бойынша, тарифті өсірмей ескірген инфрақұрылымды жаңарту мүмкін емес. Ал бұл мәселе үнемі айтылып келеді! Биік мінберлерден де айтылып жүр. Осыдан келіп, мынадай заңды сұрақ туындайды: олар инвестицияны құрайтын баптар бойынша алған табыстар тыныс-тіршілік объектілерін жаңғыртып, жаңартуға жұмсала ма? Депутаттарды алаңдатқан мәселенің негізі бар екенін Бас прокуратура мен Табиғи монополияларды реттеу агенттігі жүргізген тексерулер де дәлелдеп берді. Осындай тексеру барысында энергия өндіруші ұйымдардың тарифтерді көтеруінен түскен 2,7 млрд. теңге мөлшеріндегі табыс өздерінің құрылтайшыларына дивидендтер төлеуге және мерекелік-мәдени іс-шараларға бөлінгені анықталды. Ал біздің пікірімізше, бұл қаражат негізгі құралдарды жаңғыртуға жұмсалуы тиіс болатын», - дейді Сейітсұлтан Сүлейменұлы. Оның айтуынша, практикада кездесетін осындай жағдайдың салдарынан жылу, су шаруашылығы мен электр желілерін, сондай-ақ жылу көздерін қоса алғанда, активтерді жаңғырту бюджеттен, яғни тағы да салық төлейтін тұтынушының қалтасынан төленуде. Сонымен қоса, депутат тарифтердің өсуіне, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға бөлінген бюджет қаражатының (2011 жылы - 46,7 млрд.теңге, 2012 жылы - 26,3 млрд.теңге) артуына қарамастан, коммуналдық сектордың барлық салалары бойынша негізгі құралдардың тозуы көп жылдар бойы бір деңгейде, яғни орташа есеппен 60-65 пайыз күйінде қалып отырғанына назар аудартады.

«Төртіншіден, шағын және орта бизнес үшін өткір проблемалардың бірі - қосымша қуатқа қосылу кезінде техникалық шарттарды алу болып отыр. Мәселен, шағын және орта бизнес өкілдері монополист субъектілерге өтініш жасаған кезде монополист субъектілер үнемі өздерінің техникалық шарттарын қызметті алушыларға арта салуға тырысады. Осы проблема кәсіпкерлікті дамытуға кедергі жасайды», - деді С. Әйімбетов.

Сонымен қатар, жиын барысында коммуналдық қызмет көрсету сапасына, сервистік қызметтер көрсету деңгейіне қатысты мәселелер де көтерілді. Аз қамтылған отбасыларға, тұрғын үй көмегі тетіктерін жаңғырту жайы айтылды. Бағаның өсуіне қатысты шараларды күшейту жайында да сөз болды. Ең бастысы Үкімет пен агенттік атына ұсыныстардың бір парасы жария етілді. «Жалпы, тұтынушылардың құқықтарын қорғау - бұл табиғи монополиялар субъектілерімен текетіресу емес екенін баса айтқым келеді. Бұл - тең азаматтық-құқықтық қатынастар. Алайда, мұндай қатынастарда тұтынушы, әдетте, неғұрлым әлсіз тарап болғандықтан, үнемі ұтылып отырады. Сондықтан, біз тұтынушылар мен табиғи монополия субъектілерінің мүдделері теңгерімін қамтамасыз ететіндей құқықтық тетіктер жасауымыз керек», - дейді Мәжіліс депутаты Сейітсұлтан Әйімбетов.

Соңғы жаңалықтар