Табиғи өртті алдын алуға техника сай ма

құтқарушылар
Фото: Мұхтар Холдорбеков/ҚазАқпарат

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде су тасқыны қаупі жойылып, ендігі жерде табиғи өрттерді алдын алуға баса назар аударылып жатқанын атап өткен жөн. Биыл өрттің қауіпті кезеңі басталғаннан бері 33 орман өрті тіркелген.

Бұл — өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,4 есе аз. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Марғұлан Аманбаев Орталық коммуникациялар қызметіалаңында өткен брифингте бұл бағыттағы жұмыстарға тоқталды.

Өңтүстік өңірлерде өрттің қауіпті кезеңі 20 наурыздан, ал солтүстік, батыс, шығыс және орталық бөліктерде 8 сәуірден басталған. Төтенше жағдайлар министрлігі халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өрт қауіпсіздігі күшейтуге бағытталған шаралар кешенін қабылдауға кіріскен.

«Әр өңірде ірі өрттермен күресу үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Жалпы, ел бойынша 50 мың адам және 10 мыңнан астам техника дайын. Қазавиақұтқару авиациясының 19 борты тұрақты дайындық режимінде тұр, оның 9-ы су төгетін құрылғылармен жабдықталған. Өткен жылы су төгетін құрылғылары бар ТЖМ борты 14 табиғи өртті сөндіруге қатысты, жалпы массасы 5 700 тонна су болатын 1 900-дан астам цикл орындалды. Қазіргі таңда аэровизуалды барлау үшін 120 дрон бар. Сондай-ақ, «Орман қорын күзету және қорғау қызметі» жаңа республикалық азаматтық қорғау қызметі құрылды», – деді ол.

Мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендердегі және дала аумағындағы өрттерді жою үшін ерікті өртке қарсы құралымдары тартылмақ. Ел аумағында барлығы 241 ерікті өртке қарсы құралымдары құрылған. 2289 команда бар. Бұдан бөлек, әкімдіктер мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ елді мекендерді қорғау үшін өрт сөндіру бекеттерін құруға тиіс. Бүгіндк республикада 720 өрт сөндіру бекеті құрылған.

Соңғы жаңалықтар