Табысқа жету стратегиясы: әйел әкім қаладағы өмірді қалай өзгертіп жатыр

Гүлжан Құрманбекова
Фото: Гүлжан Құрманбекованың жеке мұрағатынан

АРЫС. KAZINFORM — Түркістан облысындағы жалғыз әйел әкім Kazinform агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында қаланы басқару және стратегиялық маңызды шешімдер қабылдаудың мән-жайын баяндап берді. Қазіргі кезде Гүлжан Құрманбекова Арыс қаласы әкімі лауазымындағы жауапты қызметін абыроймен атқарып келеді.

Гүлжан Мамытқызы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында өзінен бөлек тағы тоғыз бала тәрбиелеп өсірген көпбалалы отбасында дүниеге келген. Барлық баланы – бес ұл мен бес қызды ата-анасы кішкентайынан еңбекке баулыған.

«Менің анам мектепте жұмыс істеді. Ал мамандығы бойынша қаржыгер әкем 30 жылдан астам мемлекеттік банкте басқарушы қызметін атқарды және бар уақыт жұмысына арнады. Сондықтан барлық үй шаруасы бізге, яғни балаларына жүктелді. Ұлдар шаруашылықтағы ауыр жұмысты атқарса, қыздар үй ішіндегі жұмыстарға жауапты болды», — деп еске алды Г. Құрманбекова.

Гүлжан Мамытқызы мамандығы ретінде экономика саласын таңдап, Алматы халық шаруашылығы институтына оқуға түскен. Оныңмемлекеттік қызметте жүргеніне 35 жылдан асты. Ұзақ уақыт Шымкент қаласының экономика және қаржы бөлімін басқарды. Сегіз жыл бойы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болды. 2021 жылдың сәуір айында Арыс қаласының әкімі болып тағайындалды.

Гульжан Курманбекова, Арысь
Фото: Гүлжан Құрманбекованың жеке мұрағатынан

Қазақстанның оңтүстігіндегі бұл шағын қала туралы жұртшылық ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімінің қоймаларындағытөтенше жағдайдан кейін кеңінен хабардар болды. Өрттің салдарынан қоймаларда сақталған снарядтар жарылған еді. Бірнеше шақырым радиуста шашылған оқ-дәрі тұрғын үйлерді, сондай-ақ әлеуметтік және коммерциялық нысандарды зақымдады. Арысты қалпына келтіруге бүкіл ел көмектесті.

«Қызметке кіріскен бойда халықты толғандыратын мәселелерді білу үшін тұрғындарды қабылдауды ұйымдастырдым. Бір ай бойы таңнан кешке дейін Арыс қаласы мен ауылдық округтердің тұрғындарын қабылдап, барлығы өз пікірін айтты. Күніне 100-ге дейін адам келіп жүрді. Сол кезде жарылыс салдарынан бүлінген үйлерді қалпына келтіру барысында 20 үйге өтемақы төленбегенін анықтадым. Сондай-ақ 42 кәсіпкер бүлінген бизнес нысандарына ешқашан өтемақы алмағанын айтып шағымданды. Осы жағдайды облыс әкіміне баяндадым. Өңір басшысы облыстық бюджеттен қаржы бөлуге келісті», деді Гүлжан Құрманбекова.

Кәсіпкерлерге өтемақы төлеу мәселесін шешуге де облыс басшылығы белсенді түрде қолдау жасады.

Бұдан бөлек, қаладағы мәселелердің бірі қоғамдық көліктің болмауына қатысты еді. 90-жылдары қала көшелерінде жүретін маршруттық автобустар тоқтап қалған. Содан бері қаланы аралау тек жаяу немесе таксимен мүмкін болды.

Гульжан Курманбекова, Арысь
Фото: Гүлжан Құрманбекованың жеке мұрағатынан

«Маған мұғалімдер мен дәрігерлер келіп, бұл мәселені шешуді сұрады. Олар таксиге тәулігіне 1,5-2 мың теңгеге дейін, яғни көлікке жалақысының жартысына жуығын жұмсайтынын айтып шағымданды. Адамдар қалада бір кездері қоғамдық көлік болғанын ұмытып, оның қайта жандану мүмкіндігінен де үміттенбегендіктен, такси жүргізушілеріне жол ақысын төмендетуге ықпал етуімді өтінді. Барлық отбасыда мектеп жасындағы балалары бар, олар да мектепке таксимен немесе жаяулатып кейде үш шақырым жол жүруге мәжбүр.Сондықтан такси ақысын арзандату емес, қоғамдық көлікті қала көшелеріне қайтару дұрыс деп шештім», - деді әкім.

Осылайша, Арыс қаласында бүгінде үш қалалық бағытқа қызмет көрсететін көлік компаниясы пайда болды. Қазір тұрғындар жол ақысына 50 теңге төлейді, ал мектеп оқушыларына жарты бағасы қойылған. Сондай-ақ алты ауылдық округпен де автобус қатынасы жанданды.

Арыс тұрғындары үшін қаланы газдандыру идеясы да сол арман болып көрінді. Мәселені шешуді Гүлжан Мамытқызы өз мойнына алып, бұл істі табысты аяқтады.

«Түркістан облысының барлық аудан орталықтары көгілдір отынмен қамтылған. Тек Арыс қаласына тартылмаған. Ордабасы ауданы арқылы қалаға газ жеткізілуі тиіс магистральды құбырдың құрылысы 2018 жылы басталған. 2019 жылға қарай 45 шақырымдық құрылыс аяқталды. 2021 жылға қарай газ құбырының бір бөлігін жөндеу қажет болды. Мен демеуші тауып, оның есебінен түгел ретке келтірдік. Бұл мәселеде облыс әкімі Дархан Сатыбалды да белсенді түрде қолдау көрсетті», - деді қала әкімі.

Гульжан Курманбекова, Арысь
Фото: Гүлжан Құрманбекованың жеке мұрағатынан

Оның сөзіне қарағанда, қалада газға қосылу үлесі толық қамтылмаған. Сондықтан биылдың аяғына дейін Арыс қаласының ішіне түгелдей газ тарту міндеті тұр. Сонымен қатар, осы жылы Байырқұм, Жиделі ауылдық округтеріне газ құбырын тартуды аяқтау жоспарланған.Қалған ауылдық округтердің жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Бюджет қаражат бөлінгеннен кейін, құрылыс басталады.

«Әйел адамға қала әкімі болу қиын ба?» деген сұраққа Гүлжан Мамытқызы 35 жыл бойы жинаған кәсіби және өмірлік тәжірибесінің арқасында жауапты қызметті атқарып келе жатқанын айтты.

Бастапқыда оған «билікте әйелге орын жоқ» деген таптаурын пікір кедергі болған.

«Тағайындалған кезде көпшілік мені жай ғана әкім лауазымында отырып, кейін кетеді деп ойлады. «Ол не істей алады?» деп айтқандар болды. Маған қатысты сенімсіздік пен сақтық танытқандарын сезіндім. Әрине, уайымдадым. Бірақ өзіме және басқаларға бұл жұмысты істей алатынымды дәлелдегім келді. Әсіресе, бірінші жыл қиын болды. Қала мен оның тұрғындарының өмірін жақсы жаққа өзгерту үшін демалыссыз жұмыс істедім. Бастапқыда қалада жасыл желек аз, қоқыстың көп екенін бірден байқадым. Содан кейін бұл мәселені шешуге бірден кірістім», - деді Г. Мамытқызы.

Кейінгі екі жылда ғана Арыс қаласында 100 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Бұл ретте, тамшылатып суару жүйесі қолданылып келеді.

 Гульжан Курманбекова, Арысь
Фото: Гүлжан Құрманбекованың жеке мұрағатынан

 

Арыс қаласы үшін қалдықтарды төгетін қалалық полигон үлкен мәселенің бірі болды. Г. Құрманбекова осы проблеманың да шешімін тапты.

«Қаламыздың көркейіп, тұрғындардың өздерін жайлы сезінуін қалаймын, яғни әкім ретіндегі басты арманым осы. Жоспарларым көп. Қалада кинотеатр жоқ, сондықтан инвестормен келісіп, жақын арада үлкен қалалардағыдай кинотеатры бар сауда ойын-сауық орталығының құрылысы басталады. Фитнес-сауықтыру орталығын салуға басқа инвестормен келістік. Қаланы ғана емес, ауылдық округтерді де көркейтуге тырысамын. Демеушілер қаражаты спорт және балалар ойын алаңдарын, воркаут алаңдарын салуға жұмсалады. Демеушілік көмек көлемі қазірдің өзінде миллиард теңгеге жуықтады. Осы қаражаттан біз тұрақты түрде аз қамтылған отбасыларға көрсетіп келеміз, олардың әрқайсысы өзімізде арнайы тіркелген. Бірақ әлі де атқарылар іс көп», - деді әкім.

Гүлжан Құрманбекова «кәсіби мансапты ананың, әженің міндеттерімен ұштастыру қаншалықты қиын?» деген сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, жұмысына байланысты кейде жақындарымен араласуға дауақыт болмайды. Жалпы, әр ісіне қолдау көрсетіп жүрген жары Қайратқа алғысы шексіз.

 Гульжан Курманбекова
Фото: Гүлжан Құрманбекованың жеке мұрағатынан

«Күйеуіме қолдау көрсеткені үшін ризамын. Оның пікірі мен үшін өте маңызды, егер ол менің мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіме қарсы болса, үйде отырар едім. Екеуіміз Мақсат пен Аслан атты ұлдарымызды және Ардақ есімді қызымызды тәрбиелеп өсірдік.Мақсат пен Ардақ өз отбасыларын құрған. Төрт немереміз бар», - дейді Г. Мамытқызы.

Соңғы жаңалықтар