Табысты кәсіптің құпиясы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылы Астанада 18 389 жаңа жұмыс орны ашылды. Соның ішінде 74 пайызы немесе 13 490-ы - шағын бизнес субъектілері. Естіген адамның таңданысын туғызатын жайт, бас қалада жұмыссыздық жоқ.
None
None

Өйткені бір жылда жұмыс іздеген 950 адам тіркелсе, оларға 3 мыңнан астам бос жұмыс орындары ұсынылады. Мәселен, елордада балмұздақ бизнесін өркендеткен «Банур НС» компаниясы жаз мезгілінде орташа есеппен 70-75 адамға тұрақты жұмыс орындарын тауып береді. 2009 жылы астаналық Азамат Нұрғожин ашқан өндіріс бас қаламен бірге өсіп-өркендеп, балмұздақтың 30-ға жуық түрін шығаратын кәсіпорынға айналды. Табысты кәсіптің құпиясы туралы бізге «Банур НС» ЖШС-нің директоры Дәурен Әлмағамбетов әңгімелеп берді.

- Биыл кәмелеттік жасқа толған Астананың алдағы уақытта жоғары қарқынмен дами беретініне сенімім мол, - деп бастады сөзін Д. Әлмағамбетов. - Себебі бұл ТМД көлеміндегі ғана емес, әлемдегі өте жылдам дамып бара жатқан астаналардың бірі. Мұны барша әлемдік қауымдастық мойындады. Менің ойымша, елордамыз көп ұзамай әлемдегі алдыңғы қатарлы, халқының тұрмыс деңгейі жоғары астаналардың қатарынан ойып орын алады. Мысалға, бір ғана балмұздақ. Әлем тұрғындары тамсанып жейтін өнім астан кейін берілетін тәтті тағамға айнала бастады. Елордалықтар мен қала қонақтары балмұздақты бұрынғыдай шөлді басатын өнім емес, Еуропадағыдай астан кейін ұсынылатын тәтті тағам ретінде тұтынатын болды.

Халқының саны 1 млн-ға жеткен бас қаламыз үшін бұл да айтарлықтай жетістік. Ал 7 жыл бойы дамуға ұмтылған «Банур НС» ЖШС-і қазір 100 түрлі дәмі бар өнім шығарады. Табысты кәсіптің құпиясының екі кілті бар. Біріншісі - ұжымдағы адамдардың тынымсыз еңбегі. Екіншісі - мемлекеттің шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдай туғызып, елордада кәсіпкерлікпен айналысқан адамдарды тұрақты қолдауы. - 2009 жылы ашылған компания алғашқыда жұмсақ және қатты балмұздақ шығаратын. Бүгінгі күні біздің мәзірімізде 25-30 түрлі балмұздақ бар,- деп сөзін жалғады компания директоры. - 2016 жылдың басында «Даму» қорымен бірлесе отырып, тағы бір жаңа өнім шығаруды бастадық. Ол - өлшеніп оралған балмұздақ. Жазғы маусымда мұндай өнімге деген сұраныс бірнеше есеге артады. Сонымен қатар, бизнестің маусымдық ерекшелігіне қарай, жазда компанияда жұмыс істейтін қызметкерлер саны 70-75 адамға жетеді.

Осылайша араға 7 жыл салып, итальян технологиясымен ашылған кәсіпорын табысқа жетті. - Табысқа жетуімізге, біздің итальяндық әріптестерімізбен келісімге отыруымыз да себеп болды,- деп еске алады Д. Әлмағамбетов.- Дағдарыс күшейген кезеңде құрылыс саласынан балмұздақ бизнесіне ауысқан компания итальян мамандарының көмегіне жүгінді. Балмұздақ бизнесі Италияда өте жақсы дамыған. Италияда бұл отбасылық бизнес болып табылады. Таң қаларлығы, өнімді дайындау тәсілі мен құпиялары ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады. Мұндай озық дәстүр әрдайым өміршеңдігін сақтайтыны сөзсіз.

Қазір «Bambino» деген жазуы алыстан менмұндалайтын шағын омнибус-көліктерді елордамыздағы кез-келген сауда-саттық және ойын-сауық орталықтарының жанынан көруге болады. Ұзақты күнде шөлдеген немесе ауқаттанып шыққан кез-келген адам ол жерден әртүрлі дәмі бар, бағасы көңілге қонымды балмұздақты сатып алады. Көрікті де көңілді көліктерден шие, құлпынай, таңқурай, қарақат, апельсин, банан, киви және т.б. жеміс-жидектердің дәмі бар балмұздақты, «Рафаэлло», «Сникерс», «Тирамису» сияқты тәттілерді таба аласыз. Атап айтарлығы, астан кейін тұтынатын тәтті тағамның құрамы табиғи қоспалар - жеміс-жидектерден тұрады. Оның құрамында бояғыштар мен жасанды хош иістендіргіштер жоқ. Осылайша, табыс пен Астана егіз ұғымға айналды. Қаланың қарқынды дамуы кәсіпкерлердің табысты болуына жол ашуда. Ендеше болашақта Астананың осы қарқыны бәсеңдемесін. Еліміздің төріндегі шырайлы шаһар әдемі, табысты, қолайлы, көшбасшы деген бағаға әрдайым лайық болсын!

Соңғы жаңалықтар