Қытайдағы турнир: Таеквондошы Батырхан Төлеуғали жартылай финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Қытайдың Тайань қаласында басталған таеквондодан Парижге жолдама тарататын Азия аймақтық іріктеу турнирінде ел намысын қорғайтын 17 жасар отандасымыз Батырхан Төлеуғали алғашқы жекпе-жегін өткізді.

Қазақстандық спортшы турнирдегі бірінші қарсыласы Акшай Худаны (Үндістан) айқын басымдықпен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.
Енді Ұлттық құрама спортшысы жартылай финалда Сауд Арабиясының таеквондошысы Әли Мабрук әл-Мабрукпен Париж Олимпиадасының лицензиясын сарапқа салады.
Естеріңізге сала кетейік, Қытайдың Тайань қаласында Олимпиадаға лицензия берілетін Азия құрлығының соңғы іріктеу турнирі өтіп жатыр. Аталған турнирде ел намысын төрт спортшымыз қорғауда.
Оның бірі - 17 жасар Батырхан Төлеуғал болса, екіншісі 19 жасар Мария Севостьянова. Үшінші спортшымыз 58 келі салмақта ел намысын қорғайтын Самирхон Абабакиров. Ал төртінші спортшымыз құрма үздігі Жансель Дениз.
Жоғарыдағы 4 спортшының ішінде Жансельден басқасы алғаш рет Олимпиада лицензиясы үшін таласуда. Дениз Рио (2016 ж) мен Токио Олимпиадасына (2021 ж) қатысқан.
Қытайдағы жарыста Париж Олимпиадасының жолдамасына әр салмақта финалға шыққан екі спортшы ие болады. Барлығы турнирде 33 мемлекеттен келген таңдаулы 96 таеквондошы күш сынасады.