Тағдырдан теперіш көрдік деген ойдан арылуымыз қажет — Мемлекет басшысы

АСТАНА. KAZINFORM –  Президент бүгінгі ахуалға өткеннің өлшемімен қарап, үнемі кешегі күнмен өмір сүруге болмайды. Тарихқа барынша кең ауқымда қараған жөн. Біз тағдырдан теперіш көрдік деген ойдан арылуымыз қажет. Өткенге жалтақтау — әлсіздіктің белгісі екенін айтты.

Тағдырдан теперіш көрдік деген ойдан арылуымыз қажет — Мемлекет басшысы
Фото: Ақорда

— Тарихқа деген көзқарас қай кезде де саяси ахуалдың ықпалында кетпеуге тиіс. Бірақ өкінішке қарай, қазір бұл барлық жерде үйреншікті жағдайға айналды. Күні кеше ғана жер-көкке сыйғызбай мадақталған тарихи тұлғалар ғалым-сымақтардың қалауымен жағымсыз адамға айналып сала береді. Керісінше, бір кезде атына қара таңба басылған саяси қайраткерлер түрлі насихатшылардың арқасында танымал болып шыға келеді. Ал қуғын-сүргінді ұйымдастырушылар мен орындаушылар қаһарманға айналып кетті, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев тағдырдан теперіш көрдік деген ойдан арылуымыз қажет екенін айтты.

— Біз жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдар мен дәрігерлердің, сондай-ақ, олардың туыстары мен жұбайларының есімін ұмытпауымыз керек. Бірақ қандай ауыр болса да, өткен күндердің қасіреті еліміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне кедергі болмауға тиіс.

Бүгінгі ахуалға өткеннің өлшемімен қарап, үнемі кешегі күнмен өмір сүруге болмайды. Тарихқа барынша кең ауқымда қараған жөн. Біз тағдырдан теперіш көрдік деген ойдан арылуымыз қажет. Өткенге жалтақтау — әлсіздіктің белгісі.

Қазақ халқы тәуелсіз және егемен ел болу жолында сан түрлі қиындықты артқа тастап, көптеген сын-қатерді еңсерді. Сондықтан, тәуелсіздік — бәрінен қымбат қастерлі ұғым екенін санаға сіңіруіміз қажет. Жалпыұлттық бірлігімізді көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттігімізді нығайту маңызды. Тағы да қайталап айтамын: өткенді ұмытпай, төл тарихымызға құрметпен қарау — дұрыс, демек, біз тек алға қарай жүріп, жарқын болашаққа ұмтылуымыз керек, — деді Президент. 

Айта кетелік Президент «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды-мұражай кешеніне барған еді

Соңғы жаңалықтар