Тағы да 40 мыңдай дәрігерге медициналық сақтандыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ДСӘДМ ұйымдастырған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің негізгі қағидаларын түсіндіру жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының аясында Ақмола, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстары мен Павлодар қаласында 40,5 мың медициналық қызметкер, оның ішінде 10,6 мың дәрігер, 29,9 мың орта медициналық қызметкер МӘМС жүйесінің негізгі қағидалары бойынша білім алатын болады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
None
None

14 маусым күні аталған аймақтарда құрамына облыс әкімдерінің орынбасарлары, ҚР ДСӘДМ Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті аймақтық департаментінің, денсаулық сақтау басқармасының басшылары, Қазақстан денсаулық сақтау жүйесінің белді қызметкерлері кірген арнайы мобильдік топтар 238 медициналық ұйымдардың басшыларына (Ақмола облысы - 84, Қызылорда облысы - 40, ШҚО - 50, Павлодар қаласы - 64) семинарлар өткізді. Шара барысында ауруханалар мен емханалардың бас дәрігерлері МӘМС-ті енгізу бойынша барлық сұрақтарға жауап алды.  

Жуырда медициналық ұйымдардың басшылары МӘМС жүйесінің қағидалары туралы өз қызметкерлеріне айтып береді.

Жалпы алғанда, ақпараттық-түсіндірме жұмыстарымен Ақмола облысында 2,2 мың дәрігер, 5,5 мың орта медициналық қызметкер, Қызылорда облысында - сәйкесінше 2,1 және 8,3 мың адам, ШҚО - 3,9 және 10,3 мың, Павлодарда 2,3 және 5,9 мың адам қамтылатын болады.

Медициналық қызметкерлермен кездесу - ҚР ДСӘДМ-нің биыл өткізетін кең көлемді ақпараттық-түсіндірме жұмыстарының алғашқы кезеңі болатыны айтылған болатын. Әрі қарай МӘМС жүйесінің қағидалары, медициналық сақтандыруды енгізу кезеңдері мен оның ұтымды жақтары туралы тұрғындар мен жұмыс берушілерге түсіндірілетін болады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда үздік халықаралық тәжірибені есепке ала отырып мемлекет, жұмыс беруші және әрбір адамның ынтымақты жауапкершілігінің негізінде әзірленген медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жұмыстары басталады. Сонымен қатар, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер - жалдамалы жұмысшылар үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады.

Мемлекет азаматтарды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен (әрі қарай - ТМККК) әрі қарай қамсыздандыруын жалғастырады. Олардың қатарына әлеуметтік мәні бар аурулар, шұғыл жағдайлар, жедел медициналық көмек, санитарлық авиация мен вакциналау кіреді.

Азаматтардың денсаулығын қорғаудың жалпыға бірдей құқығын қамтамасыз ету мақсатында сақтандырылмаған азаматтарға 2020 жылға дейін ТМККК аясында амбулаторлық дәрілермен қамсыздандырылған амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілетін болады.  

МӘМС аясында сақтандырылған азаматтарға жоғарғы технологиялық медициналық қызметтер, стационарды алмастыратын технологиялар, ұзақ мерзімді мейіргерлік күтім, амбулаторлық дәрілермен қамсыздандырылған амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілетін болады.

Сонымен қатар, егер азаматтар ерікті сақтандыруға қатысатын болса, МӘМС жүйесінде қарастырылмаған медициналық көмек ала алады. Ол жеке сақтандыру компанияларымен бекітілген келісім шарт негізіне жүзеге асырылады.
Еске сала кетсек,Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады, оның ішінде 12-сі - халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы, сонымен қатар, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмыскерлер. 

Соңғы жаңалықтар