Тағы да сенсация: Жапония Испанияны жеңіп, өз тобында бірінші орын алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында E тобында үшінші турда Жапония және Испания құрамалары кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы турда Германияны 2:1 есебімен жеңген Жапония екінші турда Коста-Рикаға 0:1 есебімен есе жіберіп қойды.

Ал бірінші ойынында Коста-Риканы 7:0 есебімен ойсырата жеңген Испания одан кейін Германиямен 1:1 есебімен тең түсті.

Сондықтан екі құрама үшін де жеңіске жету басты мақсат болатын.

Кездесу барысында испаниялық футболшылар бірден алға ұмтылды. Осындай сәттердің бірінде Альваро Морато 11-минутта есеп ашып кетті.

Екінші кезеңде жапондық футболшылар таразы басына теңестіруге күш салды. Нәтижесінде Рицу Доан 48-минутта мергендік танытты. Одан кейін Ао Танака 53-минутта есепті үстемелей түсті.

Осылайша Жапония құрамасы сенсация жасап, Испаниядан 2:1 есебімен басым түсті. Плей-офф сатысына шығып, өз тобында бірінші орын алды.

Енді 2 желтоқсанда елорда уақытымен 21:00-де H тобында Гана мен Уругвай, Оңтүстік Корея мен Португалия, 01:00-де G тобында Сербия мен Швейцария, Камерун мен Бразилия құрамалары шеберлік байқасады.

Ал 3 желтоқсанда 1/8 финал ойындары басталады. Бұған дейін жарыстың аталған сатысына Франция, Австралия, Бразилия, Португалия, Нидерланд, Сенегал, Англия, АҚШ, Аргентина, Польша, Марокко, Ховатия құрамалары жолдама алды.

Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан Бельгия құрамасының бас бапкері қызметінен кетті.

Соңғы жаңалықтар