Таиланд Камбоджамен бейбітшілік келісімін тоқтатпақ
АСТАНА.KAZINFORM - Таиланд АҚШ-тың делдалдығымен Камбоджамен жасалған атысты тоқтату туралы келісімді тоқтатады. Тайланд премьер-министрі екі тай сарбазының қарсы минадан қаза табуынан кейін келісім бойынша барлық шаралар тоқтатылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Associated Press.
Елдер арасындағы шиеленіс әлі де жалғасып келеді: шілдедегі атысқа дейін де, одан кейін де жаңа мина жарылыстары тіркелді, соның ішінде тамыз айында шекара аймағын патрульдеу кезінде үш тай сарбазы жарақат алды.
- Ұлттық қауіпсіздігімізге қарсы дұшпандық біз күткендей басылған жоқ, - деді премьер-министр Анутин Чанвиракун.
Оның айтуынша, атысты тоқтату туралы келісім бойынша барлық әрекеттер Тайланд талаптары орындалғанға дейін тоқтатылады. Премьер-министр Бангкоктың талаптарын нақтыламады, ал Камбоджа жағы әлі ресми жауап берген жоқ.
Келісімге сәйкес, Тайланд тұтқында отырған 18 Камбоджа әскери қызметкерін босатуы керек, сондай-ақ екі тарап та ауыр қаруды алып кетуге және шекара аймақтарын минасыздандыруға міндетті.
Таиланд Корольдік армиясының мәліметі бойынша, Сисакет провинциясында патрульдеу кезінде сержант минаға түсіп, оң аяғынан айырылды, ал екінші сарбаз жарылыс толқынынан кеудесінен жарақаттанды. Екеуі де ауруханада. Қорғаныс министрі Наттафон Накпанит армия минаның ескі немесе жақында орнатылғанын анықтап жатқанын айтты. Ол сондай-ақ Таиланд осы аптаның соңына жоспарланған камбоджалық тұтқындарды босату ісін кейінге қалдырып жатқанын қоса айтты.
Екі тарап та қарусыздандыру процесінде біраз ілгерілеушіліктер болғанын хабарлады, бірақ Таиланд Камбоджаны минадан тазартуға кедергі келтірді деп айыптады. Жауап ретінде Пномпень келісімнің барлық шарттарын, соның ішінде минадан тазарту міндеттемелерін қатаң сақтайтынын мәлімдейді және Таиландты өз әскерлерін мүмкіндігінше тезірек босатуға шақырады. Таиланд өз кезегінде Камбоджаны жаңа миналарды орналастырды деп айыптайды, ал Пномпень мұны үзілді-кесілді жоққа шығарады.
Айта кету керек, Тайланд пен Камбоджа премьер-министрлері бұған дейін Куала-Лумпурда өткен Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығының саммиті аясында АҚШ президенті Дональд Трамптың делдалдығымен жасалған «бейбітшілік келісіміне» қол қойған болатын.