Таиланд Камбоджамен дипломатиялық қатынас мәртебесін төмендетті
АСТАНА. KAZINFORM – 23 шілдеде шекаралық аймақта мина жарылып, Таиланд сарбаздары зардап шекті. Камбоджа тарапы Таиландтың айыптауын жоққа шығарды, деп хабарлайды Синьхуа ақпарат агенттігі.

Премьер-министрдің кеңсесі жариялаған мәлімдемеге сәйкес, Таиланд премьер-министрінің міндетін атқарушы Пхумтхам Вечаячай дипломатиялық қарым-қатынас мәртебесін төмендетуге, Таиландтың Камбоджадағы елшісін шақыртып алуға және Камбоджа елшісін елден шығаруға бұйрық берді.
- Таиланд Камбоджамен екіжақты қарым-қатынас деңгейі туралы мәселені қайта қарауды жалғастырады, - делінген құжатта.
Бұдан бөлек, Пхумтхам Вечаячай елдің Сыртқы істер министрлігіне Камбоджаға осы оқиғаға байланысты наразылық нотасын жіберуді де тапсырды.
Таиланд армиясының ақпаратынша, шекара аймағында патрульдеу кезінде мина жарылысынан бес сарбаз зардап шеккен, олардың біреуі аяғынан ауыр жарақат алды. Өткен аптада даулы аймақтың маңында осыған ұқсас мина жарылысынан Таиландтың үш сарбазы жарақат алған болатын.
Таиланд тарапының өкілдері миналар жақында ғана қойылғанын мәлімдеп, Камбоджаны жаяу әскерге қарсы қойылатын миналарға тыйым салу конвенциясын (Оттава конвенциясы) бұзды деп айыптады.
Таиланд-Камбоджа шекарасындағы жағдай мамыр айының соңында даулы шекара аймағында екі жақ арасында қысқа атыс болып, Камбоджа сарбазының қаза болуынан кейін шиеленіскен күйде қалды.
Камбоджа сәрсенбі күні Таиланд әскерлері минаның жарылысынан зардап шекті деген Таиландтың айыптауларын жоққа шығарып, оқиға Таиланд тарапының өзара келісілген патрульдік маршруттардан ауытқығандықтан болғанын мәлімдеді.
Мемлекеттік хатшының орынбасары және Камбоджа Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы генерал-лейтенант Мали Сочеата атап өткендей, қорғаныс ведомствосы 23 шілдеде мина жарылысынан бес тай сарбазының жарақат алуына байланысты Таиланд тарапының негізсіз айыптауларын толығымен жоққа шығарады.
- Камбоджа Таиланд тарапына осы аудандарда анықталмаған көптеген миналар мен жарылғыш соғыс қалдықтарының бар екенін бірнеше рет еске салды және Таиланд тарапын 2000 жылғы өзара түсіністік туралы меморандумда көзделген өзара келісілген патрульдеу маршруттарын бұзудан аулақ болуға шақырды, - деп атап өтті ресми өкіл өз мәлімдемесінде.
Мали Сочеата Камбоджаның Қорғаныс министрлігі мен Корольдік қарулы күштері Камбоджа қарулы күштері Камбоджа үкіметінің Таиландпен шекара мәселесін бейбіт жолдармен және халықаралық құқық негізінде шешуге қатысты ұстанымын толық қолдайтынын тағы қуаттағанынын қосып өтті.
Бұған дейін шетелдіктерге 1 миллион долларға «алтын виза» бергісі келетіні туралы жазған болатынбыз.