Таиланд короліне тіл тигізген депутат үш жылға сотталды
АСТАНА. KAZINFORM — Таиландтың апелляциялық соты оппозициялық Халық партиясынан парламент депутаты Рукчанок Сриноркты король Маха Вачиралонгкорнға тіл тигізгені үшін үш жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Nation Thailand басылымы.
Рукчанокқа 2021 жылы X әлеуметтік желісінде жарияланған екі жазбаға байланысты айып тағылған. Онда монархия туралы айтылып, үкіметтің COVID-19 вакцинасын сатып алу саясаты сыналған. Сондай-ақ депутат монархияны қорлау және компьютерлік қылмыстар туралы заңды бұзу баптары бойынша жауапқа тартылды.
Айта кетейік, 2023 жылғы желтоқсанда сот депутатты екі айып бойынша да кінәлі деп танып, алты жылға бас бостандығынан айырды.
Алайда 2026 жылғы 23 қарашада апелляциялық сот істі қайта қарап, Рукчанокты монархияны қорлағаны үшін үш жылға бас бостандығынан айыру туралы үкімді күшінде қалдырды. Ал компьютерлік қылмыс туралы заң бойынша тағылған айыпты алып тастады. Сот шешімінен кейін депутат үкімге шағымдану кезеңінде кепілмен босатылды. Оның қорғаушылары Жоғарғы сотқа жүгінуді жоспарлап отыр.
Бұған қоса Рукчанок өз кінәсін мойындамай, аталған екі жазбаның ешқайсысын да өзі жарияламағанын айтып отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Германияда әлеуметтік желіде канцлерді балағаттағандарға айыппұл салына бастағаны хабарланған болатын.