Таиланд пен Камбоджа арасындағы ұзақ жылдық қақтығыс неліктен қайталануы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Таиланд пен Камбоджа арасындағы бескүндік қарулы қақтығыс аяқталды. Екі ел үшін де мұның ауыр зардабының болмауы аса маңызды, деп жазады Kazinform агенттігінің халықаралық шолушысы.

Шекарадағы қақтығысқа не түрткі болды?
Олардың жалпы экономикалық жағдайын және туризмге тәуелділігін, нақтырақ айтқанда бұл сала 2024 жылы Таиландтың жалпы ішкі өнімінің 12, ал Камбоджаның 9 пайызын қамтамасыз еткенін ескерсек, қос тараптың текетіресі ұзаққа бара қоймайтындығы түсінікті жайт. Қарулы қақтығыстар туристік аймақтардан шалғайда орын алғанымен саяхаттаушылардың басым бөлігі мұндай ақпараттарға секеммен қарайтындығы анық.
Мұның үстіне екі елдің әскери әлеуетін бір-бірімен салыстыруға да келмейді. Таиландтың 350 мың әскери қызметшіден жасақталған қуатты армиясы, америкалық жойғыш-бомбалаушы F-16 ұшақтарын қоса алғанда мықты әскери-теңіз күштері бар. Ал Камбоджа армиясы үш есе аз 125 мың жауынгер ғана. Ал әскери-теңіз күштері мүлдем жоқ. Кеңестік және қытайлық өндірістен шыққан ондаған жарамды тікұшағы ғана армия сапында.
Мұндай жағдайда ашық әскери текетіреске барудың да еш мәні жоқ сияқты. Өйткені, тараптардың әскери күші мүлдем бір-біріне кереғар.
Бірақ бұл жерде аймақтың ерекшелігі біраз рөл атқарып тұр. Нақтырақ айтқанда, 1945 жылдан бері бұл өңірде қан төгілген соғыс аз емес және де ол соғыстарға екі елдің әскерлері қатысты. Ресми түрде Таиланд соғысқа қатыспаса да, АҚШ-тың одақтасы ретінде Вьетнам коммунистеріне қарсы ұрыс кезінде оларға қолдау көрсетіп, ондаған мың әскери жіберді.
Ал Камбоджада ұзақ уақыт бойы азаматтық соғыс жүрді. Содан кейін 1975 жылы билікке солшыл «Қызыл кхмерлер» тобы келіп, олар билік еткен тұста 8 миллион халықтың шамамен 3 миллионын қырғынға салды. 1978 жылы Вьетнамның басып кіруі нәтижесінде олар биліктен кетіп, орнына Вьетнамды жақтайтын үкімет келді. 1979 жылы Қытай бұған жауап ретінде Вьетнамға қарсы соғыс ашты. 1992 жылға дейін «қызыл кхмерлер» Таиланд пен Қытайдың қолдауымен партизандық соғыс жүргізді. 1994 жылы екі ел де бұл топқа қолдау көрсетуден бас тартып, 1998 жылы олар іс жүзінде жойылды.

Камбоджаның билік басында «қызыл кхмерлердің» бұрынғы командирлерінің бірі болған Хун Сеннің отырғаны белгілі. 1978 жылы ол вьетнамдықтардың жағына шығып, 1985 жылы елдің премьер-министрі болып тағайындалды. Содан бері ол елді жеке өзі басқарып келеді. Қазіргі премьер-министр Хун Манет оның ұлы. Ал Хун Сеннің өзі қазір Камбоджа Сенатының төрағасы.
Әшкере болған әңгіме және отставка
Айта кетерлігі, қазіргі қақтығысты арандатқандардың бірі дәл сол Хун Сен болды. 2025 жылдың 27 маусымында ол ықпалды таиландтық саясаткер Таксин Чинаваттың қызы Таиландтың премьер-министрі Пхеткхонгтхан Чинаватпен арада 15 маусымда болған әңгіменің егжей-тегжейін жария етіп жіберді. Бұл әңгімеге 28 мамырда Таиланд пен Камбоджа шекарасында болған қақтығыстар себеп болды. Сол кезде камбоджалық бір сарбаз қаза тапқан-ды.
Хун Сен сол әңгімелесу барысын таспаға жазып алып, елдің жоғары шенді тұлғалары арасында таратып жіберген. 18 маусымда жазбаның кейбір бөлігі интернетке тарап кетті. Сол күні Хун Сен толық аудиожазбаны ресми түрде жариялады. Онда Чинават шекара маңындағы округті басқарған Таиланд армиясының генералына сілтеме жасай отырып, «қарсыластарына» мән бермеуді ұсынған. 1 шілдеде Конституциялық сот премьер-министрді қызметінен уақытша шеттетті.
Оның алдында, 26 маусым күні Хун Сен шекаралас өлкеде сөз сөйлеп, Чинават корольді қалай қорлағанын айтатындығын мәлімдеген болатын. Таиландта корольді қорлау — қылмыстық іс. Сонымен қатар, бұл елде әскери күштер дәстүрлі түрде саясатта белсенді рөл атқарады және бірнеше рет әскери төңкеріс жасаған. Бірақ олар әдетте азаматтық басқаруды қалайтын қоғам мүддесін де ескеріп отырады. Таиланд саяси күштерінің арасындағы ең танымалы бүгінде елдің бұрынғы премьер-министріне айналған Пхеткхонгтхан Чинаваттың әкесі — Таксин Чинават қозғалысы.
Ол өзі де премьер-министр болған. Бірақ 2006 жылы әскери төңкеріс нәтижесінде биліктен кетіп, 2023 жылға дейін қуғын-сүргінде өмір сүрді. Соған қарамастан ол Таиланд саясатына ықпалын жоғалтпады. Нақтырақ айтқанда, қарындасы Йинглак Чинават 2011-2014 жылдары премьер-министр қызметін атқарды. Елдің ең бай адамдарының бірі ретінде премьер лауазымындағы түрлі заң бұзушылықтары үшін айыпқа ілікті. 2023 жылы Таиландқа оралған соң бірден тұтқындалды, алайда король кейін оның жазасын бір жылға қысқартты. 2024 жылы бостандыққа шықты.
Вашингтон мен Бейжіңнің жанжалды реттеудегі рөлі
Таиланд ерекшелігі — ел экономикасы мен саясатта этникалық қытайлардың ықпалы өте жоғары болуында. Таксин Чинават — Қытайда хань ұлтының бір бөлігі саналатын хакка этникалық тобының өкілі. Хаккадан шыққан адамдар Тайвань мен Сингапур элитасының елеулі бөлігін құрайды. Мысалы, Қытай Республикасының алғашқы президенті Сунь Ятсен, президент Чан Кайшидің әйелі, сондай-ақ Сингапур премьер-министрі Ли Куан Ю — барлығы хакка халқынан шыққан. Тайвань президенттерінің арасында 2 хакка өкілі болды — Чэнь Шуйбянь мен Ли Дэнхуэй. Қалай болғанда да, олар Оңтүстік-Шығыс Азияда тарихи тұрғыдан өте ықпалды этникалық топ саналады.

Таиланда жалпы 7 миллионға жуық адамның шығу тегі қытайлық екені айтылады. Олар хакка да, Қытайдың әртүрлі өлкесінен шыққан басқа этникалық топтар да болуы мүмкін. Олардың көбісі тай халқымен аралас неке арқылы ассимиляцияланған, кейбірі қытай тілінде мүлдем сөйлемейді. Сондықтан нақты пайыздық арақатынасын анықтау қиын. Бірақ, жалпы алғанда қытай тектілер халықтың шамамен 14 пайызын құрауы мүмкін деп есептеледі. Олардың барынша көп шоғырланған жері — Бангкок. Алайда, бизнес саласында олардың үлесі әлдеқайда жоғары. Сондықтан Чинават бұл этникалық топтың да сайлау алдындағы қолдауына үміт арта алатындығы түсінікті. Дегенмен оның саяси ықпалы бүкіл Таиланд аумағына таралады.
Мұның үстіне Таиланд тарихи тұрғыда АҚШ-қа бүйрегі бұрса, ал Камбоджа көбіне Қытайға арқа сүйейді. Бұл екі ел де аталған қақтығысты реттеуде белгілі бір рөл атқарғаны түсінікті. Бейжің әдетте мұндай жағдайларда жария мәлімдемелерді сақтықпен жасайды. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп 28 шілдеде екі тараптың атысты тоқтату туралы келісімге келуіне дәл өзінің араласуы себеп болғанын мәлімдеді.
Бұл жолғы қақтығыс аяқталды дегенмен оның қайталанбауына ешқандай кепілдік жоқ. Оның үлкен соғысқа айналуы да екіталай. Үндікытайдағы соғыстардың жалпы тарихын ескерсек, бір тараптың тіпті АҚШ-тың өзіндегідей айқын әскери артықшылығы болғанымен жеңіске жетуіне кепілдік жоқ. Қарсылас ну орманда партизандық соғысты жылдар, тіпті ондаған жылдар бойы жүргізе алады. Сондықтан Таиланд та, Камбоджа да ұзаққа созылатын текетіреске мүдделі емес. Алайда, шекаралық аймақтарда жағдайдың оқтын-оқтын шиеленісуі болмайды деп кесіп айту да қиын.
Еске сала кетейік, 24 шілдеде Камбоджа мен Таиланд әскерилері даулы шекара аумағында қарулы қақтығысқа түскен еді. 28 шілдеде тараптар оқ атуды тоқтату туралы келісімге келіп, ол сол күні түнгі сағат 00:00–де күшіне енді.