Таиланд пен Камбоджа атысты тоқтату туралы келісімге келді
АСТАНА. KAZINFORM — Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрагимнің мәлімдеуінше, екі ел көшбасшыларының келіссөздерінен кейін 28 шілде күні жергілікті уақыт бойынша сағат 00:00-де оқ атуды тоқтату туралы келісім күшіне енеді. Бұл туралы DW жазды.

Соңғы бірнеше күнде Таиланд пен Камбоджа шекарасында қақтығыстар жалғасып жатыр. Қақтығыстың себебі – Прэахвихеа храм кешені маңындағы даулы аумаққа байланысты шиеленістің күшеюі.
Еске салсақ, 24 шілдеде Таиланд пен Камбоджа шекарасында қарулы қақтығыс басталды.
Таиланд Камбоджамен қақтығыс кезінде 14 азаматтың қаза тапқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ Таиланд Камбоджамен шекарада әскери жағдай енгізді.
26 шілдеде БАҚ ұрыс қимылдарының Паттайя жағажай курортына жақындағанын хабарлады.
Камбоджа мен Таиланд Малайзия бастамасымен бітімге келуі мүмкін екені айтылды.
Кейіннен екі ел өкілдері БҰҰ ҚК шекара қақтығысы жөніндегі отырысына қатысты.
Бұған дейін Таиланд пен Камбоджа басшылары Пхумтхам Вечаячай мен Хун Манет 24 шілдеде екі ел шекарасында әскерилер арасындағы қарулы қақтығыстардан кейін дүйсенбі күні Малайзияда келіссөз өткізетіні анықталды.