Таиланд пен Камбоджа шекарасында қарулы қақтығыс болды

АСТАНА. KAZINFORM — Бейсенбі күні Таиланд пен Камбоджа шекарасында қақтығыстың шиеленісуі жағдайында оқ алмасып, салдарынан 9 бейбіт тұрғын қаза тауып, 14 адам жарақат алды, деп хабарлайды The Nation

Таиланд пен Камбоджа шекарасында қарулы қақтығыс болды
Фото: Facebook/Royal / Thai Navy

24 шілде күні таңертең Таиланд пен Камбоджаның шығыс шекарасында қақтығыс басталды. Екі ел әскери ұрысты бастады деп бір-бірін айыптады. Таиланд премьер-министрінің міндетін атқарушы Пхумтхам Вечаячай дипломатиялық қарым-қатынас мәртебесін төмендетуге, Таиландтың Камбоджадағы елшісін шақыртып алуға және Камбоджа елшісін елден шығаруға бұйрық берді

Жауап ретінде Камбоджа Таиландпен дипломатиялық қарым-қатынастарды ең төменгі деңгейге дейін төмендететінін хабарлап, Камбоджаның Таиландтағы елшілігінен барлық қызметкерлерін кері шақырды.

Мамыр айында даулы аумақта болған қақтығыста Камбоджа сарбазының қазасынан кейін көрші елдер арасындағы қарым-қатынас күрт нашарлады. 
Екі елдің үкіметі бір-бірінің әрекеттеріне жауап беруге мәжбүр болып жатқанын мәлімдеді.

Таиланд СІМ мәлімдеуінше, Камбоджа әскерлері Таиланд әскери базасын ауыр артиллериямен атып, азаматтық нысандарға соққы жасағанын хабарлады. Бұған жауап ретінде Таиланд ӘӘК жойғыш ұшағы Камбоджадағы нысандарға соққы берді. 

Камбоджа билігі ел армиясы өзін-өзі қорғау мақсатында қарсы шабуылға шыққанын мәлімдеді.

Камбоджа премьер-министрі Хун Манет Таиландпен шекарадағы жағдайға байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізуге шақырды.

Соңғы жаңалықтар