Таиланд шетелдік туристерге жаңа төлем енгізуді жоспарлап отыр
АСТАНА. KAZINFORM — Таиланд шетелдік туристерге 450 бат (шамамен 6 мың теңге) көлемінде туристік төлем енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Kazinform The Nation басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазіргі жобаға сәйкес, шетелдік туристер Таиландқа әуе, құрлық немесе теңіз арқылы келгеніне қарамастан, туристік төлем жасауы қажет болады.
Алайда корольдік отбасының қонақтары мен үкіметтің ресми қонақтары, дипломатиялық және қызметтік паспорт иелері, жұмыс істеуге рұқсаты бар шетел азаматтары, шекаралық рұқсаты бар адамдар, транзиттік жолаушылар, экипаж мүшелері және екі жасқа толмаған балалар бұл төлемнен босатылады.
Алымды төлеген туристер сақтандыру төлемі күшінде болған жағдайда, 30 күн ішінде қайта ақы төлемей, Таиландқа бірнеше рет кіріп-шыға алады.
Қазір ұсыныс қоғамдық талқылау кезеңінде. Ол 28 қыркүйекке дейін Ұлттық туристік саясат комитетінің қарауына ұсынылады. Кейін құжат Ұлттық туристік саясат комитетіне қайта жолданып, одан соң Министрлер кабинетінің қарауына енгізіледі.
Биліктің мәлімдеуінше, туристік алым есебінен шетелдік туристерді сақтандыру, туристік инфрақұрылымды дамыту, қоршаған ортаны қалпына келтіру және жергілікті қауымдастықтарды қолдау жұмыстары қаржыландырылады. Сондай-ақ бұл шара шетел азаматтарының өтелмеген медициналық шығындарына байланысты мемлекетке түсетін қаржылық салмақты азайтуға мүмкіндік береді.
Қазір Таиландта шетел азаматтарына көрсетілген, өтелмей қалған медициналық қызметтердің шығыны жылына шамамен 7 млрд батқа жетеді.
Үкімет туристік алымды 2027 жылдың бірінші тоқсанында енгізуді жоспарлап отыр.
Биліктің есебінше, жаңа алым бюджетке жыл сайын 10 млрд баттан астам кіріс әкелуі мүмкін.
Бұл бастама туризм саласының алты онжылдықтан астам уақыт бойы тұрақты өсуінен кейін қолға алынып отыр. 2019 жылы, COVID-19 пандемиясына дейін, Таиландқа рекордтық 39 млн шетелдік турист барған. Алайда туристер санының артуы табиғи ресурстарға, негізгі туристік бағыттарға және жергілікті қауымдастықтарға түсетін салмақты да күшейтті.
Еске салайық, бұған дейін Венецияда туристік алым 30 еуроға дейін көтерілетінін хабарлаған едік.