20:27, 02 Қаңтар 2019 | GMT +5
Таиландта тынығып жатқан қазақстандықтарға абай болу ескертілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Таиланд Корольдігіндегі елшілігі Таиландта тынығып жатқан қазақстандықтарды абай болуға шақырды. Өйткені, Таиланд жағалауына «Пабук» тропикалық дауылы жақындап келе жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат елшіліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Құрметті отандастар! Барынша абай болып, қауіпсіздік шараларын сақтауды сұранамыз. Оңтүстік Қытай теңізінен басталған «Пабук» тропикалық дауылы қазір Спратли аралдарының оңтүстік-батысында, ол Сиам шығанағына барынша жақындап келе жатыр. 5 қаңтар күні дауыл Таиланд жағалауына жетеді», - делінген елшіліктің ескертпесінде.
Елшіліктің мәліметінше, 3, 4 қаңтар күндері Сураттхани, Накхонситхаммарат, Пхаттхалунг, Сонгкхла, Паттани, Яла, Наратхиват, Краби, Транг және Сатун провинцияларында нөсер жаңбыр жауады. Ал 4, 5 қаңтарда Пхетбури, Прачуапкхирикхан, Накхонситхаммарат, Пхаттхалунг, Сонгкх ла, Паттани, Яла, Наратхиват, Ранонг, Пхангнга, Пхукет, Краби, Транг және Сатун провинцияларында жауын-шашын күтіледі.