Таиландтағы әлемдік лицензиялық турнирге қатысатын боксшылар белгілі болды

Таиландта бокстан әлемдік лицензиялық турнир өтеді
Фото: olympic.kz

АСТАНА. KAZINFORM - Бокстан Қазақстан құрамасы Таиланд астанасы Бангкокта өтетін 2024 жылғы Париж Олимпиадасына екінші әлемдік лицензиялық турнирге қатысады.

Ел құрамасында тек 63.5 келі салмақта әзірге жолдама жоқ. Лицензиялық турнирде аталған салмақта Мұхамедсабыр Базарбайұлы шаршы алаңға шығады.

Ал әйелдер құрамасында Назым Қызайбай (50 келі), Ұлжан Сәрсенбек (54 келі), Римма Волосенко (60 келі), Наталья Богданова (66 келі) мен Валентина Хальзова (75 келі) ел намысын қорғайды.

Айта кетсек, ерлер құрамасы қоржынында Олимпиаданың алты жолдамасы бар. Атап айтқанда, Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Айбек Оралбай (92 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) бар.

Ал әйелдер құрамасында былтыр қазан айында Қытайда өткен Азиадада Карина Ибрагимова Олимпиада ойындарына бокстан алғашқы жолдаманы жеңіп алды.

Лицензиялық турнирде 23 мамыр күні жеребе тартылады. Жарыс 2 маусымға дейін жалғасады.

24 мамырда жарыс басталады.

Соңғы жаңалықтар
telegram